Қытай жастар арасындағы жұмыссыздық бойынша есебін кейінге шегерді

Жарияланды
Қытай
Фото: kursiv.media

Қытай үкіметі жастар арасындағы жұмыссыздық туралы ай сайынғы есебін жарияламайтын болды. ҚХР үкіметі оны кейінге шегерді, деп хабарлайды деп хабарлайды UPI басылымы.

Бұған дейін маусым айында 16-24 жас аралығындағылардың жұмыссыздық деңгейі 21,3%-ды құрап, рекордтық көрсеткішке жеткен. Бұл жолы да сарапшылар статистика артады деп болжаған болатын. Қытай Ұлттық статистика бюросының өкілі Фу Линхуи баспасөз мәслихатында бұл шешімді түсіндіруге тырысты.

«Жастар және басқа жас топтары туралы деректерді жинау үшін пайдаланылатын сауалнамалар бұдан әрі жетілдіру мен оңтайландыруды қажет етеді. Экономика мен қоғам үнемі дамып, өзгеріп отырады, сондықтан статистиканы үнемі жетілдіріп отыру қажет», – деді Ұлттық статистика бюросының өкілі Фу Лингхуи.

Сонымен қатар ол қытайлық университет түлектері үшін жұмыс нарығының тұрақты екенін, бітірушілердің жұмысқа орналасу деңгейі 2022 жылғы осы уақытпен салыстырғанда біршама жоғары екенін жеткізді. Бюро өкілі университет түлектерінің басым бөлігі қайда жұмысқа орналасатынын шешіп қойғанын атап өтті.

Еске сала кетсек, Қытайда жастар арасындағы жұмыссыздық соңғы төрт жылда екі есеге өсті. Бұған аталғен елде COVID-19-ға қарсы қабылданған қатаң шаралар ықпал етті. Алайда шектеулер алынғаннан кейін де көрсеткіштер қалпына келген жоқ. Соның салдарынан қытайлық студенттер тәжірибеден өту мен жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болып, жұмыссыздық бойынша статистика күрт өсті.

Сондай-ақ оқыңыз