Шенеуніктерге казиноға баруға тыйым салынады – агенттік төрағасы пікір білдірді

Жарияланды
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қазақстанда жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге казиноға баруға тыйым салынады деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kursiv.kz.

«Біз мемлекеттік қызметкерлердің казиноға барынуа тыйым қойғалы жатырмыз. Бұл норманы заңға әдеп жағынан енгіземіз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заңға байланысты жұмыстар жүргізіп жатыр. Осы жұмыстар жүргізілгесін сізге нақты ақпаратты береміз», – деді агенттік төрағасы.

Бұған дейін елімізде лауазымды мемлекеттік қызметкерлер казиноға баруға тыйым салынатыны хабарланған. Бұл туралы «Қазақстан Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлық жобасында жазылды.

Жарлыққа төмендегідей өзгерістер енгізіледі:

  • Қазақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпы әскери жарғыларын бекіту туралы;
  • Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы;
  • Қазақстанның құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің Әдеп кодексін бекіту туралы.

Атап айтқанда әскери қызметшілердің міндеттері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының, азаматтық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарға «Ойын бизнесі туралы» заңда көзделген ұйғарымға жататын ойын мекемесіне барудан бас тарту жүктеледі. Бұл жағдайда қызметтік қажеттілікке байланысты казиноға бару ерекше жағдай болуы мүмкін. Бұл әскери қызметшілерге қатысты болмайды.

«Түзетулер беделге төнетін тәуекелдерді азайтуға, оның өкілдері тарапынан мемлекеттік органдардың қадір-қасиеті мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге бағытталған», – деп жазылған жобаның түсіндірмесінде.

Құжат 28 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады.

Осыған дейін «Курсив» Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттарына жаңа талап енгізілетінін, соған сәйкес құжат «Ашық НҚА» порталында талқыланып жатқаны туралы жазған болатын. Құжатта қызметтік әдеп нормаларының талаптарын сақтау аясында  әскери қызметшілерді  ойын мекемелеріне барудан тартынуға ынталандыруға бағытталған  ұсынымдық сипаттағы нормаларды осы түзетулермен енгізу ұсынылды.

Өткен жылы Бас прокуратура ойынханаларға 507 миллион теңге салған 305 мемлекеттік қызметкерді анықтады. Ол тізімде Ішкі істер, Білім, Қаржы министрліктерінің, Жоғарғы Сот, Қаржы мониторингі агенттігінің, Антикордың және тағы да басқа орган қызметкерлері бар болып шықты.

Құмар ойынға әуестенген Қаржы министрлігінің 24 қызметкерінің үшеуі қатаң сөгіс алған. Ал үшеуі тағайындау мерзімінің өтуіне байланысты жаза алмаған. Тағы 7-уі ойынханада ұсталмай тұрып жұмыстан босатылған, қалған 9-ы казинода болған, бірақ құмар ойындарға қатыспаған, тағы 2 адам ол кезде министрлікте жұмыс істемеген болып шықты. 

Сондай-ақ оқыңыз