Жаңалықтар

Талибан Ауғанстандағы саяси партияларға тыйым салды

Ауғанстанды бақылайтын «Талибан» қозғалысы елдегі саяси партиялардың қызметіне толық тыйым салатынын жариялады.

Тәліптердің Әділет министрі Абдул Хаким Шарай «үкіметтің халық алдындағы жауапкершілігі» телебағдарламасында сөйлеген сөзінде елдегі партиялардың саяси қызметіне мүлдем тыйым салынғанын айтты.

«Саяси партиялардың қызметінде шариғат негізі жоқ, ол ұлт пен халықтың мүддесіне сай келмейді»-деді ол.

Талибан Ауғанстанда билікті басып алғанға дейін елдің Әділет министрлігінде 73 саяси партия тіркелген. Талибан билікке келгеннен кейін Саяси партия жетекшілерінің көпшілігі елден кетіп, қазір басқа елдерде тұрады.

Талибан қозғалысы Ауғанстанды 2021 жылдың тамызында АҚШ әскерлері, олардың одақтастары, сондай-ақ олар 20 жыл бойы қолдаған Үкімет елден асығыс кеткеннен кейін басып алды. Осы уақытқа дейін Талибан үкіметін әлемнің бірде-бір елі ресми түрде мойындамады. Сонымен қатар олардың басшылары БҰҰ-ның санкция тізімінде.