62 мектеп құрылысы жемқорлардан жиналған ақшаға қаржыландырылды

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Елімізде 62 мектептің құрылысы жемқорлардан жиналған ақшаға қаржыландырылды, Бұл жайлы Үкімет үйінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жемқорлардан тәркіленген қаражат жинақталатын Қор арқылы бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 76 мың орынға шақталған, екі ауысымдық 62 мектеп құрылысы қаржыландырылды», делінген баспасөз хабарламасында.

Жалпы, Қор құрылған өткен жылдың желтоқсан айынан бері оның есепшотына 151,6 млрд теңге түскен. Қордың қызметі мектептерді, қосалқы ғимараттарды және интернаттарды салу және қайта жаңғырту арқылы үш ауысымдық мектептер мен апатты оқу орындарының мәселелерін шешуге және жалпы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын жоюға бағытталған.

Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мектеп құрылысына қаражат бөліне бастағанын айтты.

«Республикалық бюджет комиссиясында 62 мектептің құрылысына 90 млрд теңгеге жуық қаражат белгіленді. Бұл былтырдан бері жиналған қаржы. Оқу-ағарту министрлігі ереже қабылдады. Сол ережеге сәйкес, біз қаражат бөлуді бастадық. Елімізде салынатын барлық мектептің саны – 62. Құрылыс қарқынына байланысты қалған қаражатты бөлуді жалғастырамыз», – деді вице-премьер.

Жемқорлардан тәркілеткен қаржыға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысында 62 мектеп салынады. Сондай-ақ тізімде Астана қаласы да бар.
Оның ішінде Алматы облысында – 10, Жамбыл облысында – 6, Түркістан облысында – 9, Астанада 10 мектеп салынады. Тізімді мына жерден көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз