«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы өрт шыққан шахтадан 5 адам іздестіріліп жатыр

Жарияланды
Фото: gov.kz

Жер астында өрт болған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында 222 қызметкер жер бетіне шығарылды. Бес адамды іздестіру жалғасуда. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, шахтадан жер бетіне шығарылған адамдардың арасынан 13-і дәрігерлерге жүгінген.

«Олар бас ауруы, жөтелге шағымдануда. Қазіргі уақытта төртеуі ауруханаға жатқызылды: екеуі Шахтинск орталық ауруханасына, екеуі Облыстық медициналық орталыққа», делінген ақпаратта.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бейсенбі күні сағат 10:05 Д6 «Қазақстан» шахтасындағы көмір еңісінің қазбасында конвейер таспасы өртенген. Апат болған кезде жер астында 227 адам болған.

Жұмысшыларды эвакуациялау қапталдағы оқпан арқылы жүргізіліп, 200 ге тарта адам жер бетіне шығарылған болатын. Апат болған жерде «КӘАҚҚ» РО бөлімшесі және ТЖД қызметкерлері жұмыс істеуде.

Өрттің себептері анықталып жатыр. Апат болған жерде Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жүр.

Өткен жылы осы компанияға қарасты «Ленин» шахтасында апат болып, 5 адам қайтыс болған еді.

Сондай-ақ оқыңыз