Екібастұздағы апат қайталанбауы үшін жыл сайын 5-9 млрд теңге керек – қала әкімі

Жарияланды
Фото: автордан

Екібастұз жылу электр орталығындағы апат қайталанбас үшін қомақты ақша керек. Бұл туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин айтты.


Әкімнің айтуынша, Екібастұз қаласында ұзындығы 422 шақырым жылу желісі бар. Оның 90%-ы тозған.

«Былтыр қыстағы апаттан кейін 70 шақырымға жуық жылу желісі ауыстырылды. Онда күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді. 422 шақырым жылу желісін 90% деп алайық. Жалпы қаладағы 370 шақырым жылу желісін ауыстыру керек. Биыл 70 шақырым желіні ауыстырдық. Орта мерзімді жоспарға сәйкес, 3-5 жылда жоқ дегенде 50-70 шақырым жылу желісін ауыстырып отырсақ, онда 5 жылда желінің тозу деңгейін азайтуға болады», – деді Аян Бейсекин.


Айтуынша, Екібастұздағы 422 шақырым жылу желісінің 36 шақырымы – магистарльды құбыр. Биыл оның 5,5 шақырымына жаңғыртудан өтті. Оған 9 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.

«Енді жылдан жылға жаңа сметалық құжаттар дайындалады. Жыл сайын құбыр, темір, жөндеу жұмыстарының бағасы өзгеріп жатыр. Сондықтан жобаның құнын қарастырамыз. Бірақ жыл сайын шамамен (жылу желісін ауыстыруға) аз дегенде жөндеуге 5-9 млрд теңге керек. Биыл кварталішілік жылу желілерін жаңғыртуға, гидравикалық сынақтарға Павлодар облысының бюджетінен 3 млрд теңге бөлінді. Жалпы жыл сайын бұл жұмысқа 3-4 млрд теңге керек», – деді ол.

Айта кетейік, бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Екібастұзға жұмыс сапарымен барды.

Сондай-ақ оқыңыз