Коммуналды қызмет тарифінің көтерілуіне байланысты зейнеткерлерге көмекақы берілетіні туралы ақпарат жалған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коммуналдық қызмет ақысының көтерілуіне байланысты зейнеткерлерге көмек ақы берілетіні туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен барлық зейнеткерлерге коммуналдық қызмет бағасының өсуіне байланысты материалдық көмек көрсетіледі деген тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебеі, Үкімет тарапынан дотациялық қаржылық көмек көрсету туралы қаулы қабылданған жоқ.», делінген хабарламада.
Дегенмен, жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттен аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) жеке тұрғын үйді ұстауға кеткен шығындар арасындағы айырмашылықты өтеп беру мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай көмек, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының аясында көрсетіледі.
«Бұл көмекке «Тұрғын үй көмегін тағайындау» туралы мемлекеттік көрсетілетін қызмет арқылы құжаттарды тапсыруға болады», делінген хабарламада.