Жаңалықтар

Қазақстандықтардың жеке шотынан 104 миллион теңге ұрлаған алаяқ ұсталды

Фото: kursiv.media

Алаяқтар қазақстандықтардың жеке шоттарынан 104 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырған. Ақмолалық полицейлер Ресейден келіп, Қазақстан аумағында ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған дропперді ұстады, деп хабарлайды Рolisia.kz.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті еліміздің әрі өңірінде 25 түрлі алаяқтық әрекет жасап, 104 миллион теңге көлемінде шығын әкелген.

Алаяқтар осы жылдың шілде айында Көкшетау қаласының тұрғынын алдап соққан.

«Екі күн бойы арызданушының телефонына WhatsApp арқылы белгісіз абоненттік нөмірлерден қоңыраулар келіп түсіп отырған. Өздерін банк қызметкерлеріміз деп таныстырған алаяқтар алдымен банк шоттары туралы ақпаратты біліп алған. Кейін 64 жастағы ақмолалықтың есеп шотын алаяқтар бұзып алмақ болып жатыр деп сендірген»,- делінген хабарламада.

Қажетті мәліметтерге қол жеткізген соң алаяқтар заңсыз банк операцияларын жүзеге асырған. Көкшетаулық азамат келесі күні банктік шотының бұғатталғаны туралы хабарлама алып, мобильді қосымшаны тексере келе, банктегі депозит пен карта шоттарынан 12 миллион теңгеден астам қаражат алынғанын білген.

Тергеу барысында киберполиция ұрланған миллиондар аударылған шоттардың бірінің иесін анықтап, күдіктіні орналасқан жері бойынша тауып алады.

«Жүргізілген жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары нәтижесінде оралдық әріптестерінің көмегімен 24 жастағы дроппер ұсталды. Ер адамның Ресейден Қазақстанға ұрланған ақшаны қолма-қол шығарып алуы үшін келгені белгілі болды. Ол бұл ақшаны қылмыстық топтың басқа мүшелеріне аударуы керек болған», делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оған сәйкес мұндай қылмыс жасаған азаматтарға жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.