Жаңалықтар

Ұлттық экономика министрлігі қазақстандық компанияның АҚШ санкциясына ілінгенін растады

Ұлттық экономика министрлігі «Defence Engineering» компаниясының АҚШ-тың санкциялар тізіміне енгізілуіне қатысты мәлімдеме таратты.

Ақпаратқа сәйкес, министрлік «Defence Engineering» компаниясын АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) SDN санкциялар тізіміне енгенін растайды.

«Кәсіпорын Астанада тіркелген. Бүгінде ол белсенді емес. ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша, компанияның қызметі 14.02.2021 жылдан бастап тоқтатылған. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, аталған кәсіпорынға ерекше тауарларды өткізуге лицензия, рұқсат берілмеген», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, министрлік аталған компанияның АҚШ санкциялар тізіміне енгізілуін оның иесі Ашот Мкртычевпен байланыстыратынын хабарлап отыр. Министрлік дерегінше, аталған азамат Қазақстанның резиденті емес. Ол ел аумағынан 2020 жылғы 7 наурызда аумағынан кетіп қалып, қайта елге кірмеген.

«Defence Engineering»-тен басқа, оның басқа юрисдикцияларда тіркелген екі компаниясы да санкцияға іліккен», делінген хабарламада.

ҰЭМ компанияның санкциялар тізіміне енгізілуі техникалық сипаттағы жәйт екенін атап көрсетеді.

«Біз батыстағы әріптестерімізбен үнемі байланыстамыз. Бұл компания бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады», делінген хабарламада.

Бұған дейін жазғанымыздай, АҚШ Қаржы министрлігі Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы қару-жарақ мәмілелеріне байланысты ұйымдарға санкциялар енгізген.

Ақпаратқа сәйкес, бұл жолғы АҚШ-тың санкция тізімінде қазақстандық «Defense Engineering» ЖШС, ресейлік «Верус» ААҚ компаниясы бар. Сонымен қатар, Словакияның Versor s.r.o. компаниясы да санкцияға ілікті.

Бұл фирмаларлардың барлығын Словакия азаматы  Ашот Мкртычев басқарады. Ол биыл наурыз айында АҚШ санкциясына ілінген болатын