Алматыға жұмыс сапарымен келген президент жауапты органдарға қала тұрғындарын селден қорғауды тапсырды

Жарияланды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Ақорда.

Жұмыс сапары барысында мемлекет басшысы сел тасқынынан қорғайтын «Аюсай» бөгетіне барды.

«Аюсай» бөгеті Үлкен Алматы өзенінің бассейнінде орналасқан. Оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық нысанның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді. Еліміздің биік таулы аймақтарында 970 мореналық көл бар. Оның ішінде 156 көлде сел жүру қаупі жоғары.

Соған байланысты «Аюсай» бөгетінде пилоттық жоба аясында орнатылған 31 цифрлық гидробекет салынған. Қасым-Жомарт Тоқаев сол гидробекеттердің жұмысы таныстырылды.

«Бұл қондырғылар судың жылдамдығына, температурасына, лайлылығына және басқа да көрсеткіштерге онлайн-режимде мониторинг жүргізеді. Мұндай технологиялар келешекте еліміздің жеті таулы аймағында қолданысқа енгізіледі. Гидробекеттердегі мәлімет ТЖМ Дағдарыс жағдайын басқару орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесімен интеграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен салалық ведомстволарға қолжетімді болады», делінген баспасөз хабарламасында.

Осы ретте Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Президентке селдің алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Ал «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы Қайрат Бекенов Мемлекет басшысына табиғат апаттарының алдын алу жұмыстары жөнінде мәлімет берді.

Мемлекет басшысы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін селден қорғау шараларын жүргізу маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және «Қазселденқорғау» мекемесі өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы бұл сапар барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралап көреді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Президент Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізеді. Жиынға Үкімет мүшелері қатысады.

Сондай-ақ оқыңыз