«Қазақстан» шахтасында тағы бір кеншінің мәйіті табылды
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында тағы бір кеншінің мәйіті табылды.
17 тамызда шыққан өрттен кейін шахтада болған 227 адамның 222-сі жер бетіне шығарылды. Бір адамның мәйіті табылғаны хабарланды.
18 маусымда «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды облыстық филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский түні бойы төрт бөлімше күшімен кеншілерді іздеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.
«Өртті сөндіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Іс-шара кезінде тау-кен құтқару бөлімшелері екінші зардап шегушіні анықтады. Өкінішке қарай ол қайтыс болған. Қазір оның мәйітін жер бетіне эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Геннадий Силинский.
17 тамыз күні кеніштегі апат салдарынан сыртқа шыға алмай қалған 5 кеншінің бірі, опат болып, денесі табылған еді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қайтыс болған кеншінің аты-жөнін жария еткен болатын. Ақпаратқа сәйкес ол – 1965 жылы туған Виталий Владимирович Слюньков, жерасты электршебері, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл.
Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 17 тамызда Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға 9 шахтер жеткізілді. Олардың екеуі жансақтау бөлімінен токсикология бөліміне ауыстырылды. Жағдайы ауырлау. Қалған 7 адам токсикология бөлімінде жатыр. Жағдайы бірқалыпты.
Шахтинск қаласының орталық ауруханасының терапевт бөлімшесіне зардап шеккен 4 адам келіп түсті, олардың біреуі ауруханаға жатқызудан бас тартты, ол амбулаториялық емдеуге жіберілді. 18 тамыздағы жағдай бойынша аймақтың медициналық мекемелерінде зардап шеккен 13 кенші бар.