Қазақстанның даму банкі басшыларына екі жүз миллионнан аса сыйақы төленген

Жарияланды

Қазақстанның даму банкі атқарушы орган мүшелеріне 2022 жыл үшін төленген сыйақының мөлшерін жария етті. Қазақстан қор биржасына жолданған ақпаратқа сәйкес, оның көлемі 251,74 млн теңгені құраған.

Қазақстан даму банкінің ақпаратына сәйкес, сыйақы ретінде «еңбек ақы және барлық ақшалай марапаттау түрлері» аталып тұр. Банктің 2022 жылғы қаржылық есептілігінде директорлар кеңесін ұстауға жұмсалған шығын 230,6 млн теңгені (2021 жылы 253,2 млн теңге) құрағаны айтылған. Ал, қызметкерлерге төленген төлемдер 2021 жылы 4,25 млрд теңгені құраса, 2022 жылы 5,05 млрд теңге болған. Іссапар шығындары 84,2 млн теңге (2021 жылы 81,6 млн теңге), кадрларды дайындау мен біліктілігін арттыруға 56,7 млн теңге (2021 жылы 65,4 млн теңге).

Ұйымның былтырғы жылғы таза табысы 31,5 млрд теңгеден 34,12 млрд теңгеге дейін өсіпті. Активтер 3,74 трлн теңгеден 3,94 трлн теңгеге дейін, міндеттемелер – 3,18 трлн теңгеден 3,32 трлн теңгеге дейін, меншікті капитал – 556,8 млрдтан 614,5 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Қазақстан даму банкі – елдің шикізаттық емес секторын қаржыландыру арқылы ұлттық экономиканың тұрақты дамуына қолдау көрсету мақсатында құрылған. Банк мемлекеттік инвестициялық қызметтің тиімділігін жетілдіру мен арттыру; өндірістік инфрақұрылым мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту; елдің экономикасына сыртқы және ішкі инвестицияларды тартуға көмектесу секілді алдына мақсат қойған.

Айта кету керек, бұл банк 2022 жылы метталургия өндірісіе дамыту үшін 500 млрд теңгеге жуық, мұнайдан өңделген өнімдерді шығаруға да осыншама көлемде, тау-кен өндірісіне 300 млрд теңгеге жуық, электрмен қамтуға, газбен жабдықтау, бу мен ауа алмастыру саласына 200 млрд теңге бөлген. Өткен жылы банк тарапынан берілген несиелердің жалпы көлемі 1,77 трлн теңгені құрады. Банктің жалғыз акционері «Бәйтерек» холдингі, ол квазимемлекеттік құрылым.

Президент Қасым Жомарт Тоқаев өткен жылы қаңтар айында ҚДБ жекелеген таңдаулы топтың жеке банкіне айналды деп атап, олардың өз жобасын жүзеге асыру үшін жеңілдетілген шарттармен несие алатынын сынға алған болатын.

Ал, шілде айында БҚДА Қазақстан даму банкі жұмысындағы олқылыұтар туралы мәлім еткен еді. Яғни, ҚДБ-ның ішкі құжаттарында бұрын қаржыға қол жеткізген, яғни қарыз алушылар үшін негізсіз артықшылықтар беретін ережелер жасалғаны» анықталған. «ҚДБ қызметінде фаворитизм көріністері анықталды, нақты айтсақ, қолдау шараларын алу кезінде кейбір өтінімдерге ерекше мән беріліп,  жедел түрде қаралған. Бекітілген 70 күнтізбелік күннің орнына жекелеген жобалар келіп түскен сәттен бастап 3-4 тәулік ішінде келісіліп отырған, ал басқа жобалар бойынша қарау мерзімі бұзылып, тіпті 300 күннен асып кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз