Жаңалықтар

Қытай Еуропалық Одақ нарығынан Германияны ығыстыра бастады

Қытай өндірушілері Еуропалық Одақ нарығында дәстүрлі түрде көшбасшы болған өнеркәсіптік тауарлар секторынан Германияны ығыстыра бастады, деп жазады Reuters.


IW жұмыс берушілер сараптамалық орталығының зерттеуіне сүйенсек, Еуропалық Одақ импортының кейбір секторларында Қытайдың үлесі соңғы екі жылда айтарлықтай артқан. Көрсеткіштер бұған дейінгі 10 жылдағы динамикадан асып түсті. Сондықтан талдау орталығы Германия өнеркәсіп саласында экономикалық тоқырауға ұшырауы мүмкін деген байламға келген.

Мәселен, бұған дейінгі жылдары тек ілгері көрсеткіштер тіркелген Германия экономикасы мамыр айында рецессияға ұшырады, себебі сектор негізгі экспорттаушыларға жеткізу тізбегінің күрделенуінен, инфляция және энергия бағасының өсуінен зардап шекті.

«Энергияны тұтынудың өзгеруіне байланысты туындайтын қиындықтар мен Германияның бәсекеге қабілеттілігіне қатысты көрсеткіштер алаңдатарлық», – деді зерттеуші Юрген Маттес.

Баяндамада көптеген секторлардағы Қытай үкіметінің субсидиялары артып келе жатқаны жазылған. Осылайша қытайлық компаниялар ЕО-дағы үлесін ұлғайтуда.

«Қытай электромобиль өндірушілері еуропалық нарықты жаулап ала бастаған кезде энергия бағасы автомобиль экспортына да зиянын тигізеді», – деп қосты Маттес.