Тәуелсіздік жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахталарында 160-қа тарта кенші қаза тапты

Жарияланды

2023 жылдың 17 тамызында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында апат болып, екі кенші қаза тапты. Тағы үш шахтер іздестіріліп жатыр. Бұл еліміздегі көмір кенішінде болған алғашқы жағдай емес, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан шахталарында оннан аса ірі апат болған. Kursiv.kz шахтадағы апаттан қайтыс болғандар туралы ақпаратты жинақтады.

1994 ЖЫЛЫ ЕКІ АПАТ БОЛДЫ

1994 жылы ел шахталарында екі жарылыс болған. Бірі – Саран қаласының жанында орналасқан «Ақтас» шахтасындағы апат. Мұнда метан тұтанып, өрт шыққан. Оны өшіру үшін құбыр арқылы инертті газды жіберген. Алайда құбыр үзіліп, қауіпті газ кеншілер жүрген учаскелерге тараған. Салдарынан 11 адам қаза тапты.

Сол жылдың шілдесінде Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында метан жарылып, 14 кенші қаза тапты.

ЕҢ ІРІ АПАТ БОЛҒАН ШАХТА

1995 жылдың 24 қарашасында «Ленин» шахтасында метан жарылып, 13 кенші қаза тапты. Сол оқиғадан кейін шахтада 10 жылдан аса уақыт апат тіркелмеді. Алайда ел тарихындағы ең үлкен шахта апаты да осы «Ленин» шахтасында болды.

2006 жылы шахтада метан жарылған. Бастапқыда шахтада желдету құбырларын жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Алайда электрші қауіпсіздік ережелерін бұзғандықтан, апат шыққан. Дәл осы сәтте жер астында 368 кенші жұмыс істеп жатқан. Апаттан 41 адам қаза тапты. Қайғылы жағдайдан кейін 6 адам сотталды.

«Ленин» шахтасында 2022 жылы да апат болды. Оның салдарынан 5 кенші қаза тапты.

«ШАХТИНСК» АПАТЫ

2004 жылдың 5 желтоқсанында Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы шахтада газ жарылып, 23 кенші қаза тапты. Апат болған кезде жер астында 89 адам жұмыс істеп жатқан, жарылыс болған жерге жақын жерде жұмыс істеп жүрген кеншілер сол сәтте қаза тапты. Артынан өрт басталған. 61 кенші өз бетінше жер бетіне шыққан. Бастапқыда 26 адамнан хабар болмаған, кейіннен 3 кеншінің аман қалғаны белгілі болды.

«АБАЙ» ШАХТАСЫНДАҒЫ КЕНШІЛЕРДІҢ ҚАЗАСЫ

2008 жылдың 11 қаңтарында «Абай» шахтасында 400 метрлік тереңдікте метан жарылып, өрт шыққан. Сол сәтте жер астында 191 адам жұмыс істеп жатқан. 161 адам жер бетіне шығарылды, қалған 30 кенші қаза тапты. Ішінде 21 адамның мәйіті сол күйі табылмады.

Бұл шахтада 13 жыл бойы апат тіркелмеген, тек 2021 жылдың 11 қарашасында тағы бір апат болды. 64 кеншінің ішінде 56 адам жоғарыға өз күшімен шығып үлгерген. 8 жұмысшы қалып қойды. Алтауы қайтыс болды, екі адам газдан қатты уланған. Бұл жағдайға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» толық кінәлі деп танылды.

«ТЕНТЕК» ШАХТАСЫНДА ЕКІ АПАТ БОЛҒАН

«Тентек» шахтасында бірінші апат 2008 жылдың 2 маусымында болған. Салдарынан 5 адам қаза тапты.

Тұп-тура бір жыл өткен соң шахтада қайта апат болып, «Тентек» шахтасының «Конвейерный штрек 193 Д6-Ю» дайындау бөлімінде кенеттен газ атылған, сол кезде шахтадағы 94 кеншінің төртеуі апатты кеніште қалып қойған. Кеншінің екеуі оқиға орнында жан тапсырған, тағы бір кенші апаттан кейін бес сағаттан соң көз жұмған.

«ҚАЗАҚСТАН» ШАХТАСЫНДАҒЫ АПАТ

2017 жылдың 31 тамызында таңғы сағат 04:21-де Шахтинск қаласында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты «Қазақстан» шахтасында кенет көмір мен газ атқылаған. Сол уақытта жердің астында 136 адам болған. Үшеуі қаза тапты.

2023 жылдың 17 тамызында тағы апат болды. Өрт шыққан кезде жер астында 227 адам болған. 222 адам жер бетіне шығарылды. Екі адам қаза тапты. Үш адам туралы әлі хабар жоқ.

Осы жағдайдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.
Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсететінін айтып, бұл жағдай олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал ететінін жеткізді.

Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Кеңгірбай Есенеев 2022 жылдың соңында «Қазақстан» көмір шахтасын тексеру кезінде 168 заңбұзушылық анықталғанын хабарлады.

«Қазақстан» шахтасында тексеру соңғы рет 2022 жылы қараша-желтоқсанда жүргізілді. Сол кезде 168 заңбұзушылық анықталды, айыппұл түрінде заңды тұлға жауапқа тартылды. дамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар үшін талап арыз материалдары үш нысанды тоқтата тұру үшін экономикалық сотқа берілді. Қазір соттың ұйғарымымен бұлар қайта тексерілді. Бұзушылықтың кейбірі ішінара орындалды, кейбірі орындалмады. Сот шешімімен бұзушылық толығымен жойылғанға дейін бұл объектілердің қызметін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды», – деді Кеңгірбай Есенеев.


Сондай-ақ комитет өкілі апат болған шахтада тексеру жүргізіліп, заңбұзушылық анықталғанын атап өтті. Дегенмен, айтуынша адамдардың өміріне қауіп төндіретін заңбұзушылық жоқ.

«Нақты айтсақ, талап арызда техникалық кешеннің материалдары және адамдарға арналған көтергіш қондырғыларға қатысты болды», – деп толықтырды Кеңгірбай Есенеев.

Сондай-ақ оқыңыз