Жекешелендіру: «Самұрық-Қазына» «Qazaq Air» АҚ акцияларын сатуға шығарды

Жарияланды
Фото: Shutterstock

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл–ауқат қоры» акционерлік қоғамы Қорға тиесілі «Qazaq Air» АҚ – ның 49% – дан 100% – ға дейінгі акцияларын сату бойынша сауда-саттық өткізеді. Бұл жайлы «Qazaq Air» сайтында жарияланды.

Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер қарастыру үшін, QAZAQ AIR әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылып отыр. Жекешелендіруді «Самұрық-Қазына» АҚ Қазақстандық Ұлттық әл-ауқат қоры атынан авиакомпанияның жалғыз акционері жүргізеді.

Сауда-саттық екі кезеңдік ашық конкурс арқылы жүзеге асырылады.

«Бірінші кезеңде – Конкурстың мәні бойынша алдын ала ұсынысты, сондай-ақ әлеуетті қатысушылардың сатып алушыға қойылатын талаптарға (біліктілік талаптарына) сәйкестігінің растамасын және Акцияларды сатып алуға стратегиялық негіздемені енгізетін Конкурсқа қатысуға конкурстық өтінімдер қарастырылады. Бірінші кезеңнің нәтижесінде Қор тұлғаларды Конкурстың екінші кезеңіне жіберу немесе жіберуден бас тарту туралы шешім қабылдайды және екінші кезеңде берілетін конкурстық ұсыныстардың мазмұны мен критерийлерін бекітеді», делінген «Qazaq Air» хабарламасында.

Ал екінші кезеңде – конкурстық ұсыныстар беріліп, қарастырылады. Соның нәтижесінде олардың негізінде Конкурстың жеңімпазы анықталады.

Конкурстың бірінші кезеңі бойынша өтінімдерді қабылдау 2023 жылғы 28 қыркүйекте аяқталады. Екінші кезеңнің қорытындылары – осы жылдың 15 желтоқсанында шығады.

Конкурсқа қатысуға ниет білдірген тұлғалар Конкурстық құжаттамада анықталған сатып алушыға қойылатын талаптарға сәйкес келулері тиіс. Сонымен бірге конкурстық өтінім беру үшін Конкурсқа қатысуға үміткер тұлғалар Қордың пайдасына банктік шотқа кепілдік жарнаны және ақшалай қаражатты төлеу туралы шарт жасасу арқылы кепілдік жарнаны енгізуі керек. Қамтамасыз ету жарнасының құны 173,4 млн теңгені құрайды.

«Қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының резиденттері Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында немесе Қазақстан Республикасының бейрезиденттері АҚШ долларында енгізеді. Кепілдік жарна (қамтамасыз ету) енгізілген ақшалай соманың қайтарылмайтындығына және Конкурстық құжаттамада көзделген жағдайларда Қорда қалатындығына толық және сөзсіз келісім ретінде енгізіледі. Кепілдік жарнаны (қамтамасыз етуді) қайтару шарттары Конкурстық құжаттамада да көрсетілген», делінген ақпаратта

Ал акциялардың бастапқы ең төменгі бағасы – 10,2 млрд теңге.

«Сатып алу бағасын бөліп төлеу немесе транштармен төлеген жағдайда, сатып алу бағасын төлеудің жалпы мерзімі күнтізбелік 24 айдан аспауы тиіс, ал төлемнің бірінші транштың мөлшері сатып алу бағасының 30%–нан кем болмауы тиіс», делінген шартта.

QAZAQ AIR тұрақты ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін, пайдаланушы сертификаты бар Қазақстанның үш ірі коммерциялық әуе компаниясының бірі. Әуе компаниясы IATA ресми мүшесі және IOSA халықаралық өндірістік қауіпсіздік стандарты бойынша сертификатталған. Оның әуе кемелеріне желілік қызмет көрсету бойынша сертификатталған станциясы және авиациялық оқу орталығы бар. Шекаралас елдерге халықаралық авиарейстерді қоса алғанда, Астана қаласында базасы бар хабтық маршруттық желіге қызмет көрсетеді. 2021-2022 жылдары әуе компаниясы Skytrax халықаралық рейтінгісі бойынша Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік үш өңірлік әуе компанисының қатарына енді.

Компания 22 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Оның 16-сы ішкі рейстер болса, 6 халықаралық рейс. 2022 жылы 561 000 жолаушы тасымалдаған. 2022 жылғы кірісі – 20,4 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз