«АрселорМиттал Теміртау» шахтасындағы апат кезінде сыртқа шыға алмай қалған бес кенші де қайтыс болды
19 тамыз күні түнгі сағат 22.40 шамасында «Қазақстан» шахтасынан тағы бір кеншінің денесі табылды. Бұл төтенше жағдай кезінде қайтыс болған бесінші адам. Ол – 27 жастағы Илья Александрович Старовойт.
Төтенше жағдайлар министрлігі аталған шахтада 17 тамыз күні тұтанған өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.
«Тау-кен құтқарушылары ауыстырылды. КӘАҚҚ РШО ЖШС басшылығымен тау-кен құтқарушыларының жаңа ауысымының алдына міндеттер қойылды. Сағат 22:40-та бесінші тау-кен жұмысшысының денесі табылды», делінген хабарламада.
Апаттық учаскедегі қазбалардың үздіксіз түтіні және жоғары температура салдарынан іздестіру жұмыстары қиындаған.
«Тау-кен құтқарушылары өрт ошақтарын сөндірудің белсенді кезеңіне кірісуде», делінген хабарламада.
Бұған дейін, Қарағанда облысының әкімдігі апат салдарынан қайтыс болған төрт кеншінің аты-жөнін жариялаған болатын.
19 тамыз күні Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды.
Премьер-министр қаза тапқандардың барлығының отбасына мемлекет пен жұмыс беруші қажетті қолдау көрсететінін атап өтті. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған.
Сонымен қатар, жұмыс беруші қаза тапқандардың отбасына кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, сондай-ақ жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейтін болады.