Қара теңіз әскери және геосаяси шиеленістердің «ошағына» айналды: Бұл Қазақстан мұнайын тасымалдауға қатер төндірмей ме?
Соңғы айда Украина мен Ресей арасындағы саяси шиеленіс Қара теңіз акваториясына ұласып, жүк пен мұнай тасымалының негізгі артериясына айналған аймақтың берекесін қашырды. Бұл жайт туралы The New York Times басылымы көлемді мақала жазып, Қара теңіздегі шайқас Ресей мен НАТО-ға мүше елдер бір-бірінің «қатер» аймағына жақындай түскенін хабарлады.
Қазақстандық мұнайдың 80%-ы дәл осы аймақтан өтетін Каспий құбыр консорциумы арқылы әлемге эспортталады. Құбыр арқылы шикізат Новороссийск портына жетеді, кейін Қара теңізде мұнай танкерлеріне тиеліп, бүкіл әлемге таралады. Қазақстанның жер қойнауынан өндірілген «қара алтынның» ірі тұтынушылары арасында Италия, Нидерланды және Франция бар. Ал қазіргі әскери шиеленіс осы логистикаға қатер төндірмей ме? Kursiv.kz тілшісі сала мамандарының пірін біліп, мәселені зерделеп көрді.
«Байділдинов. Мұнай» авторлық бағдарламаның жүргізушісі, энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдинов Каспий құбыр консорциумына балама жоқ және болмайды, деп есептейді.
«КҚК бұл халықаралық жоба. Оның құрамында Қазақстан мен Ресейден бөлек, еліміздің аумағынан мұнай бұрғылайтын америкалық және еуропалық компаниялар бар. Бастапқыдан-ақ бұл мұнай құбыры ел аумағындағы Теңіз, Қарашығанақ, Қашанған кен орындарынан алынған мұнайды шетелге тасымалдайтын ең жылдам, бағасы жағынан ең тиімді ортақ бағыт ретінде таңдалды. Акционерлер құрамы ықпалының арқасында инфрақұрылым, мұнай құбыры, танкерлер қос ел арасындағы арнайы саяси операция аумағынан тыс жерге шығарылды деп есептеймін. Әрі олар Украина құрылымдық күштері үшін мақсатты нысан емес», – дейді сарапшы.
Алайда ол Новороссийск әскери портына немесе әскери кемелерге шабуыл жасалған жағдайда ұшқышсыз ұшу аппараттары, ракеталар бағытынан ауытқып, консорциум инфрақұрылымына қатер төндіруі мүмкін.
«Менің ойымша құбыр мұндай қатерден сақтандырылған. Алайда мұндай жағдай орын алып жатса инфрақұрылымды қалпына келтіруге біріншіден көп уақыт кетеді. Қазір логистикалық қиындықтарға байланысты қандай да бір жабдықтарды жеткізудің өзі ұзаққа созылады. Екіншіден Қазақстанның мұнайлы ел ретіндегі беделіне нұқсан келуі мүмкін», – деп пайымдайды танымал сарапшы.
Сондықтан Қазақстан Қара теңіздегі Новороссийск портының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша саяси бастама көтеруге мүдделі. Үкімет басшысы осындай тапсырма да берген.
«Порт жұмысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Қазақстан саяси деңгейде осы порттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша бастама көтереді. Өйткені, мұнай терминалының жұмыс істеуі әлемдік ірі, соның ішінде Еуропалық Одақтағы тұтынушылар үшін тиімді», – деген еді Алмасадам Сәтқалиев.
Бірақ Олжас Байділдинов бүгінде «соғыстың буы» қоюлана түскенін айтады.
«Дәлірек айтсақ, геосаяси жағдайға қатысты жауабы жоқ сұрақтар көбейді. Сондықтан Қазақстанға мұнай құбырын, оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін барынша дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, күш салуы керек», – деді мұнай-газ саласы бойынша маман.
Оның пайымынша Каспий құбыр консорциумының мұнай сақтауға арналған үлкен қоймалары бар. Бұдан бөлек, «қара алтын» жөнелтушілердің базасында да арнайы резервуарлар қарастырылған. Әйтсе де Қазақстан мәселені үдетпеуге тырысары анық.
Экономист Бауыржан Ысқақов Қара теңіздегі жағдай халықаралық деңгейде шешілуі керек деп есептейді.
«Бұл тек Қазақстан мен Ресейге қатысты мәселе емес, бұл халықаралық дәрежеде көтерілетін мәселе. Қазақстанның мұнайын өндіруде Chevron сынды әлемдік алып корпорациялардың да үлесі болғандықтан, жағдайдың шешілуіне осы мемлекеттер де мүдделі. Бұл біз үшін сақтандырушы фактор», – деді экономист.
Бауыржан Ысқақов та осы тұста ел билігі барынша дипломатиялық қадамдар жасап, ел экономикасын тұрақты табыспен қамтып келе жатқан құбырдың тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі қажет деп топшылады.
Ал Қазақстан қор биржасында өткен жиында «ҚазТрансОйл» АҚ бас директорының тасымалдау жөніндегі орынбасары Эрик Сағиев Қара теңізде шиеленіс үдесе Қазақстан Новороссийск портынан мұнайды Усть-Лугаға бағыттайды, деп мәлімдеді.
«Әзірге осындай жоспар құрып отырмыз», – деп қысқа қайырған Сағиев оның егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.
КҚК құбыры Қазақстанның батысындағы мұнай кен орындары мен Каспий қайраңындағы ресейлік кен орындарын Новороссийсктегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы 1511 км. Жүйе қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты болып табылады, бұл құбыр арқылы айдалатын «қара алтын» қазақстандық экспорттың 80%-дан астамын құрайды. 2022 жылы құбыр арқылы 58,7 млн тонна мұнай тасымалданды және экспортталды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға аз.
КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы (Транснефть басқаруында 24%, баланста 7%) – 31%, Қазақстан (Қазмұнайгаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron. Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, Eni International N.A. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.