Риддер жылу орталығындағы үш қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Жарияланды

 ШҚО-да Риддер қаласындағы жылу электр орталығында үш қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Риддер ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Орталықтағы жұмыстарға 14 мердігер ұйым тартылған. Оның ішінде 9-ы қазандық агрегаттарын жөндеумен айналысып жатыр. Жоспар бойынша 25 тамызға қарай №1 қазандық – 83%, №2 қазандық – 90, 6%, №3 қазандық -77%, № 4 қазандық – 61, 9%, №5 қазандық – 55, 4%, №6 қазандық – 66, 5% дайын болады», – делінген ақпаратта.

Жылу электр орталығындағы жұмысты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов күн сайын өзі қадағалап жүр. Мердігерлермен апта сайын жиналыс өткізіп тұратын ол жұмысшылар мен материалдар қолда тұрғанда жұмыс қарқынын тездетуді тапсырған.

Басты назар жылу көзіне ғана емес, риддерліктердің үйлеріне жеткізілетін жылу желілеріне де аударылып отыр. Қала әкімі Дәулет Батырбаев жылу желілеріндегі қысымды бақылап, «Востоквзрывпром» ЖШС және «Терезе» ЖШС мамандарымен бірлесе жұмыс істеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз