Жаңалықтар

2024 жылы бюджетке Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге бөлінеді

Фото: kursiv.media

2024 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінетін трансферттердің жалпы көлемі 3,6 трлн теңгені құрайтын болады. Сонымен қатар алдағы жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңге көлемінде бекітілсе, зейнетақы көлемі 9 пайызға артады. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталында жарияланған «2024 –2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында жазылған.

«2024 жылғы 1 қаңтарынан бастап жалақының ең төмен мөлшерi – 70 000 теңге;  мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 28 215 теңге;  зейнетақының ең төмен мөлшерi – 57 853 теңге; айлық есептiк көрсеткiш – 3 692 теңге;      базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 43 407 теңге болып белгiленсiн», делінген құжатта.

Оның ішінде жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 9 пайызға көтеру ескеріле отырып белгіленеді.

Сонымен қатар заң жобасында алдағы жылға Ұлттық банктен бөлінетін трансферт мөлшері де бекітілген. Оған сәйкес 2024 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепiлдендірiлген трансферт мөлшерi 2 трлн теңге сомасында, ал  Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған мақсаттарға 2024 жылға арналған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферт 1,6 трлн теңге сомасында көзделеді. Жобада алдағы жылға Үкіметтік резерв көлемі де белгіленген.

«Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2024 жылға арналған резервi 417 260 792 мың теңге сомасында бекiтiлсiн. Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына 2024 жылға арналған резерв 100 000 000 мың теңге сомасында бекiтiлсiн», делінген жобада.

Сондай-ақ келесі жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлеуге жататын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға мемлекет жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінен 1,9 пайыз көлемінде белгiленетіні жазылған.

Ал еліміздің әр облысына бөлінетін қаражат сомасы алдағы жылға 5,2 трлн көлемінде есептелген.

«2024 жылға арналған республикалық бюджетте республикалық бюджеттен облыстық бюджеттерге және республикалық маңызы бар қала бюджетіне берiлетiн субвенциялар көлемдерi 5 265 026 806 мың теңге сомасында көзделсiн, оның iшiнде: Абай облысына – 234 948 938 мың теңге; Ақмола облысына – 354 724 684 мың теңге; Ақтөбе облысына – 293 012 614 мың теңге; Алматы облысына – 183 608 471 мың теңге; Шығыс Қазақстан облысына – 245 334 008 мың теңге; Жамбыл облысына – 426 356 383 мың теңге; Жетісу облысына – 355 343 578 мың теңге; Батыс Қазақстан облысына – 251 390 766 мың теңге; Қарағанды облысына – 322 790 809 мың теңге; Қызылорда облысына – 433 008 847 мың теңге; Қостанай облысына – 318 913 396 мың теңге; Маңғыстау облысына – 135 605 790 мың теңге; Павлодар облысына – 132 387 464 мың теңге; Солтүстік Қазақстан облысына – 316 648 616 мың теңге; Түркістан облысына – 1 001 641 890 мың теңге; Ұлытау облысына – 51 803 957 мың теңге; Шымкент қаласына – 207 506 595 мың теңге», делінген заң жобасында.    

Заң жобасы 4 қыркүйекке дейін талқылауда болады.