Досаев 2025-2026 жылдары Алматыда бірінші LRT желісін іске қосуды жоспарлап отыр
Алматыда қоғамдық көлік инфрақұрылымына LRT, BRT желілері қосылып, жаңа метро станциялары пайда болады. Бұл жайлы Алматы әкімі Ерболат Досаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беруі барысында айтты.
Қоғамдық көлік желісін дамыту трафикті тиімді басқаруға бағытталмақ. Бұл орайда 2025 жылы қалалық магистральдар, қоғамдық көлік және «ақылды» бағдаршамдар біріктірілетін зияткерлік жүйе іске қосылады.
Жалпы Алматы агломерациясын қалыптастыру көлік инфрақұрылымын дамытумен тығыз байланысты. Сол мақсатта қала маңындағы аймақтардың тұрғындары үшін көліктің қолжетімділігі жақсартылмақы. 2023 жылдың қыркүйегінде 25 елді мекенді және облыстың 60 мың тұрғынын қамтитын 10 жаңа маршрут ұйымдастырылады.
Алматы әкімі 2024 жылы облыс тұрғындары үшін қосымша 20 қала маңындағы маршрут іске қосылатынын айтты. Қоғамдық көлік желісін дамыту жол инфрақұрылымының жүктемесін азайтуға мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге 2023 жылдың қыркүйегінен бастап метродағы пойыздардың жүру аралықтары 6 минутқа дейін қысқарады.
«Өткен жылдың мамыр айында 2 жаңа станция ашылғаннан кейін жолаушылар ағыны күн сайын 35 мыңнан 90 мыңға дейін 2,6 есеге өсті. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 3 жылжымалы состав қосылады, бұл қозғалыс аралығын 6 минутқа дейін төмендетуге мүмкіндік береді», деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Қала басшысы 2025 жылы «Қалқаман» станциясының құрылысын аяқтау жоспарланғанын, батыс бағытта «Барлық» базарына дейін 3 жаңа станцияның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүргізіліп жатқанын айтты.
Жалпы Алматыда көлік құрылымын дамыту жөніндегі шеберлік-жоспарын бекіту 2023 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
«Бірінші кезеңде 2024 жылы Райымбек даңғылындағы BRT пилоттық дәлізінің құрылысы басталады және екінші көлікке тегін ауысып отыруға мүмкіндік беретін жаңа тарифтік баға енгізіледі», дейді қала басшысы
Екінші кезең барысында, 2025-2026 жылдары LRT көлік дәліздерінің саны 10-ға дейін ұлғайып, ұзындығы 26 км болатын бірінші LRT желісі іске қосылады. Ол желі батыс жақтан қала орталығына барады. Сонымен бірге Алматы-1 және Алматы-2 станциялары жер үсті метрополитенін қосады.