Қырғызстаннан БҚО-ға құны 1 млрд теңге болатын темекі өнімдері заңсыз тасымалданған

Жарияланды

БҚО-ның 4 тұрғыны контрабанда темекі сатамыз деп ұсталды. Фото: kursiv.media

Батыс Қазақстан облысының төрт тұрғыны Қырғызстаннан 1,6 млн қорап темекі мен арақты заңсыз әкеліп сатпақ болған. Құзырлы орындар олардың жолын кесіп, жалпы құны 1 млрд теңгеге жуықтайтын заңсыз өнім жойылмақ.

Аталмыш деректі тергеген Қаржы мониторингі агентігі БҚО облыстық департаментінің хабарлауынша, Қырғыз Республикасынан заңсыз әкелінген тауар Орал қаласында сақталып, сатылған.

«Тергеу барысында олардан жалпы сомасы 967,5 млн теңгеден асатын 1,6 млн қорап темекі өнімдерінің ірі партиясы, сондай-ақ жасанды есепке алу-бақылау таңбалары бар алкоголь өнімдері тәркіленді», – делінген хабарламада.

Темекі мен арақты заңсыз сатумен айналысқандарың үшеуі бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын алса, тағы бір адамға 1000 АЕК (3,4 млн теңге) көлемінде айыппұл салынған.

Сот үкіміне сәйкес, тәркіленген темекі мен алкоголь өнімдері жойылады.

Бұған дейін Қырғызстаннан заңсыз жолмен елге әкелінген екі вагон темекі тәркіленген болатын. Екі вагон темекінің бюджетке төленуі тиіс акциздік құны 585 млн теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз