Вьетнамның SOVICO Group компаниясы Қазақстанда сауда-логистика орталығын ашуға ниетті

Жарияланды

Фото: Ақорда

Вьетнамның SOVICO Group компаниясы Қазақстанда сауда-логистика орталығын ашуға ниетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамға ресми сапары барысында SOVICO Group басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунг пен Petrovietnam компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгты қабылдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Нгуен Тхань Хунгпен кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланған.

Мемлекет басшысы компания экономиканың түрлі секторында зор тәжірибеге ие екенін атап өтіп, еліміз ірі инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екеніне назар аударды. Өз кезегінде Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстан аумағында сауда-логистикалық орталығын ашуға ниеті барын айтқан.

Бұдан бөлек, SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отыр.

SOVICO Group – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаларды жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады.

Ал Petrovietnam компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен кездесу барысында энергетика және мұнай-газ химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланған. Мемлекет басшысы мұнай мен газ өңдеу және геологиялық барлау салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсыну мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды. Өз кезегінде Хоанг Куок Выонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның энергетика және мұнай химиясы салаларында жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндады.

Petrovietnam – Оңтүстік Шығыс Азияның мұнай-газ өнеркәсібіндегі басты ойыншылардың бірі. Активтерінің жалпы құны 40 милллиард долларға бағаланады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам еліне ресми сапары аясында ел Президенті Во Ван Тхыонгпен жүргізілген келіссөз барысында бірқатар келісімге қол қойылған.

Сондай-ақ оқыңыз