Фото: shutterstock.com
Әлем жаппай дижитал форматқа ауысып жатқандықтан, бұл дүрмекке банк жүйесі де ілесіп жатыр. Әңгіме Испаниялық BBVA компаниясының Дижитал экономиканың болашағы деген атаумен жасаған қаржылық есебінде шегеленген «необанк» термині туралы. Жаңа заман банкінің жаһандық қарқыны ғана емес, Қазақстандағы ахуалы жайлы да сөз қозғаймыз. Дәстүрлі банктен оның қандай айырмашылығы бар? Қандай түрлері болады? Болашағына қатысты нендей болжам жасалып жатыр?
Необанк несімен өзгерек?
Бұл — банк қызметтерін қашықтан ұсынушы. Былай қарасаңыз, бүгінде барлық дерлік банктің мобайл қолданбасы бар. Сол арқылы клиенттер өзіне керек қызметті онлайн ала береді. Олай болса, «необанктің қандай қажеті бар?» деген сауал туындайтыны заңды. Ендеше, басты айырмашылықтарына тоқталайық. Интернет, смартфон, операциялық жүйелер, пайда болған соң жұртшылық қалаған қызметінің бәрін мобайл апп арқылы алғысы келетін болды. Соның ішінде банк қызметтері де бар. Банктердің қолданбасы да осылай дүниеге келді. Дегенмен дәстүрлі банкте қызметтің кей түрін онлайн алу мүмкін емес. Яғни міндетті түрде бөлімшеге бару қажет. Ал халықтың сұранысы болса, өсіп келеді: олар енді барлығын қашықтан атқарғысы келеді. Необанктің пайда болуына осы фактор әсер еткен. Қаржы қызметтері мен IT-технология нарығындағы жаңа ниша осылай дүниеге келген.
Қазақстандағы екі необанк және ашылуы кейінге шегерілген біреуі
Еліміздегі тұңғыш небанк осыдан екі жыл бұрын пайда болды. 2021 жылы Beeline компаниясы Simply брендін енгізген еді. Клиенттің телефон нөміріне байланған дижитал өнім электрон әмиян түрінде қолдану үшін шығарылған. Мұнда Visa Platinum премиум дижитал картасы бар. Іске қосылған жарты жылдың өзінде төлем сервисін 650 мың қолданушы пайдаланған. Картаны қолданғысы келген адам смартфонына қолданбаны жүктейді, телефон нөмірін байлайды, онлайн-идентификациядан өтеді, жеке куәлігін немесе төлқұжатын тіркейді. Қосылу, жылдық қызмет көрсету, әмиян ашу — тегін. Сонымен бірге қолданушылар арасында да, ҚР аумағында шығарылған банк карталары арасында да аударым жасау ақысыз жүргізіледі. Осылайша Beeline өзіне жаңа клиенттер тауып жатыр.
Екінші болып необанкті Kcell компаниясы іске қосты. Олар нарыққа OGO Finance деген мобайл қолданба ұсынды. Халықаралық Mastercard төлем жүйесі мен Jusan Bank банкімен серіктесе отырып шығарған. IBAN-шоттар ашу, депозит ашу, кредит, қызметтер үшін төлеу секілді сервистері бар. Сонымен бірге OGO бонус бағдарламасы аясында 50 пайызға дейін бонус алу мүмкіндігі берілген.
Жалпы алғанда 2018 жылдан бері «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ұлттық банк «Қаржы индустриясында ашық платформаларды (Open API) құруға қатысты реттеуді енгізу» жобасын жүзеге асырып жатқанын атап өту керек. Бұл болса, финтехтің технологиялық мүмкіндіктері арқылы қаржы нарығындағы бәсекелестікті арттыруға және қаржылық қызметтерді кеңейтуге бағытталған.
Үшінші необанк ашылайын деп, ашылмай қалған — Mybank. Естеріңізге сала кетсек, 2022 жылдың қыркүйегінде өткен Kazakhstan Growth Forum-2022 форумында Astana Group негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов көпшілік алдында жаңа необанк ашу жоспары туралы айтқан еді.
«Біз банк тіркегелі жатырмыз. Компаниямыз Mybank деп аталады. Бұл — классикалық банктен өзгеше, виртуал необанк. Автокөлікті кредитке алу мүмкіндігі бар. Одан бөлек, аксессуарлар, автобөлшектер де алуға болады. Бүгінде біз қаржыландыру мәселесіне тап болдық. Банктер қанша қаражат бере алса, сонша алдық. Қарыз көлемі миллиард долларға жуықтап қалды. Бұдан артық бізді банктер қаржыландыра алмайды. Сондықтан жағдайды реттеу үшін өзіміз банк ашқалы жатырмыз» деген еді.
Яғни Смағұлов бұл қадамды амалсыздан жасап отырғанын атап өткен. Дегенмен биыл көктемде жоба жұмысы уақытша тоқтатылған. «Астана моторстың» баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенсек, ішкі ресурстарды бөлгенде компания ірі әрі стратегиялық маңызды жобаларға баса мән береді деседі.
Сарапшы необанк болашағына қатысты не дейді?
FinTechLab компаниясының өкілі Асхат Бейсенбаев банк заңнамасындағы реттеу күрделі болғандықтан, елде необанкті дамыту қиындау екенін айтып отыр.
«Қазақстандағы, тіпті әлемдегі ең сәтті жоба ретінде Kaspi-ді атауға болады. Олар өзін банк санамайды. Дегенмен дижитал даму, жаңа қызметтер енгізу, барлығын қолданба арқылы атқаруға болатын мүмкіндігі жағынан сипаты толықтай сәйкес келеді. Бүгінде Kaspi-дің соңынан өзгелері де қолданбаларын жасап шығарып жатыр. Айталық, Astana Motors-тың автокөлік алуға арналған Mycar Finance өнімі бар. Дегенмен мұндағы мәселе — банк заңнамасын реттеу өте күрделі. Әрі дәстүрлі банктердің мүмкіндігі де шектеулі. Сол себепті «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында істеген жеңілдеу. Соның шеңберінде инновациялық, финтех, необанк өнімдерін жасауға болады» дейді сарапшы.
Ал Finmid GmbH компаниясында Head of risk қызметін атқаратын Жәңгір Бектемісов нарықта жаңа шешімдер пайда болуы мүмкін екенін айтады. «Меніңше, бізде бар банктер (Kaspi-ден басқа) legacy setup-қа қатты «байланған». Сонымен қатар, мықты лобби бар, нарыққа жаңа ойыншыларды кіргізбейді. Өз басым нарықта жекелеген вертикал шешімдер пайда болады дегенге сенемін. Сөйтіп не екінші деңгейлі банктердің деңгейіне дейін өседі, болмаса қазіргі нарықтағы ойыншылар оларды сатып алады».
Необанк VS дәстүрлі банк
Банктер корпоративтік клиенттер мен жеке кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді. Дегенмен алғашқыларынан түсетін табыс көбірек болғандықтан, кәсіпкерлердің қызмет алу уақыты ұзарады. Әдетте, оларға арналған арнайы өнім не сервистер де болмайды. Осылайша кәсіпкер еріксіз шағын және орта бизнес бойынша департамент, есепші, заңгер, клиенттер, іскерлік серіктестермен арадағы делдалға айналып жатады. Құжат жасау процесі, қаржы есептері де көбірек уақыт алады. Мұндайда балама ретінде необанктер қызметі ұсынылады: шот ашу, онлайн-касса тіркеу, бухгалтерия және өзге де керек сервис — қолданбаның ішінде. Барлық процесс әрі кетсе айына 30 минут алады, бастысы үйден шықпай атқарыла береді. Необанк клиенттері кәсіпкерлер ғана емес, оның қатарына кез келген адам қосыла алады. Өйткені необанктер бір саланы алып, аудиторияның сұранысын зерттейді де, соған сай өнім жасайды. Көбіне дәстүрлі банктер уақыт не өзге де ресурс бөлуге құлықсыз салаларды осы необанк таңдайды.
Необанктер бастапқыда интернет-метрикаларға сүйенеді. Яғни қанша трафик бар, тартқан клиентінің саны қанша, оны қалай ұстап тұра алады — осы мәселелерге бас қатырады. Ал дәстүрлі банктер болса, басқа өнімділік көрсеткішіне назар аударады. Оның ішінде, активтер кірісі, таза пайда, пайыздық кіріс пен шығын, кредит портфелінің жағдайы, бедел, рейтиң, қолданушылар адалдығы және т.б бар. Бұдан бөлек, табыс табу моделі де екеуінде екі түрлі. Необанктер капиталды инвесторлардан алып, соның мөлшеріне қарай клиенттерге арналған тарифтер жасайды. Комиссия бола ма, болса мөлшері қандай болады, әр банк қызметінің құны қандай, трафик көбірек тарту үшін қандай жеңілдіктер мен бонустар болады — бәрін тізіп шығады. Осылайша клиенттер бәрін тыңғылықты қарап шығады да, тарифі ұнаған жағдайда қолдана бастайды. Біртіндеп аудитория кеңейген соң салған инвестиция ақталып, ауқымы кеңейеді. мұндағы модель осындай.
Ал банктер болса, пайыз бен комиссия арқылы табыс табады. Пайыздық табыс көбіне жеке және заңды тұлғаларға берілген кредит арқылы түседі. Несие беруге банктің жеке не басқа жерден тартылған қаражаты жұмсалады. Жеке қаражат дегеніміз — банк ашылған кезде салынған жарғы капиталы, болмаса алдыңғы жылдары жұмсалмай қалған таза табыстан есептеледі. Басқа жақтан тартылған табыс екі түрлі болуы мүмкін: депозиттен түскен ақша және депозит түспеген ақша. Бірінші топқа жергілікті заңнамаға сәйкес, банктердің қолданғаны үшін пайыз төлейтін жеке және заңды тұлғалар салған салымдар жатады. Депозиттен түспеген ақша болса — кредит есебінде алатын қаражаты.
Необанктердің қандай түрлері болады?
- Дәстүрлі банктердің серіктесі — лицензия алмаған компаниялар. Яғни компаниялар мобайл платформа жасап, қызмет көрсетеді. Ал банктер болса, түрлі құжаттамамен айналысады.
- Белгілі бір сервис үшін іске қосылған, банктердің мобайл қолданбалары. Көбіне ресурсы мол банктер нақты бір сегментке бағытталған қосымша аппликейшндер әзірлейді. Мәселен ипотека беру үшін жасалуы мүмкін. Бұл канал банктің өзге қызметтерімен параллель іске асырыла береді. Дами түскен сайын жаңа каналдардың бөлімше ретінде қалатыны не толыққанды необанкке айналатыны шешіледі. Егер необанкке айналдыратын болса, оның басқару құрылымы да бөлек болады.
- Толыққанды банк лицензиясына ие необанктер. Бұл — жұмысын жергілікті заңнама аясында атқаратын, толыққанды дижитал банктер.
Жаңа заман банкінің саны неге көп емес?
Біріншіден, необанкті іске қосу қыруар қаражатты талап етеді. Көбіне алғашқы 5-7 жыл бойы еш табыс әкелмейтін, біраз жылдан кейін ғана ақталатын интернет-компания. Банк лицензиясын алу да оңай емес. Ірі капиталы болып, штаттағы қызметкер саны, Ұлттық банк қойған талаптарға сәйкес келуі керек. Бұл процестің күрделі болуы да заңды. Себебі банк — клиенттер активі сақталатын орын. Материалдық қоры болмаса, реттеу жүргізілмесе, қаражат жоғалған жағдайда жауапкершілік болмаса — банк те болмайды. Кім де болса жинаған ақшасының сенімді жерде тұрғанын қалайды. Сондықтан тәуекелге баруы қиындау. Необанктер мобайл қолданба жасау, оның көпшілікке қолайлы болуына, маркетиң жүйесін құруға толықтай даяр болғанымен, клиент қаражатына жауапкершілік алуға ақша құюға дайын бола бермейді. Банк лицензиясын алуға арналған инфрақұрылым шығындары алғашқы жылдары қарастырылмайтын себебі де осында. Сол себепті көбіне необанктер банктермен келісіп, клиент тәжірибесіне басымдық береді. одан қала берді, необанктер өздігімен лицензия алған кезде ауқымын кеңейту мәселесіне келіп тіреледі. Әр елдің қаржылық реттеу туралы заңы әр түрлі екені тағы бар. Оларға бағынуға тура келеді.