Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнайды

Жарияланды

Мемлекет басшысының Вьетнамға ресми сапары. Фото: Ақорда

Қазақстан мен Вьетнам екі ел арасында визасыз режим орнатуға келісті. Оған қоса сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары бекітіліп, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнам еліне ресми сапары аясында ел Президенті Во Ван Тхыонгпен жүргізілген келіссөз барысында қол қойылған келісімдердің бір парасы осындай.

2022 жылы Қазақстан мен Вьетнам арасындағы өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асса, биылғы 6 айдың өзінде 600 миллион долларды құраған. Жыл соңына дейін осы маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы бұл келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірген.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланған.

«Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізген.

«…Біз Қазақстанмен арадағы дәстүрлі достық қатынасқа зор мән береміз және еліңізді Орталық Азиядағы маңызды серіктес санаймыз», – деді Вьетнам Президенті.

Президенттің Вьетнамға ресми сапары аясында қол қойылған құжаттар тізімі мынандай:

  1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған бірлескен іс-қимылдар жоспары;
  2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Үкіметі арасындағы ұлттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім;
  3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Вьетнам Социалистік Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  4. «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ (QazTrade) мен Вьетнамның сауданы дамытуға жәрдемдесу агенттігі (VietTrade) арасындағы саудаға жәрдемдесу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  5. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті мен Вьетнам Социалистік Республикасы Сыртқы инвестиция агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
  6. «Қазпошта» АҚ мен Viet Post корпорация арасындағы электрондық коммерцияны дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  7. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен VietJet Aviation арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  8. «ҚазМұнайГаз» ҰK» АҚ мен Sovico Group арасындағы мұнай-газ жобаларына инвестициялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  9. «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен Sovico Group компаниясы арасындағы транспортық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
  10. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті мен Crystal Bay Tourism Group JSC арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  11. Microtech DFS Vietnam Company Limited пен Vela Corporation арасындағы ынтымақтастық туралы келісім; 12. «Хабар» Агенттігі» АҚ мен Vietnam Televesion арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Сондай-ақ оқыңыз