Теннисшілерді жарысқа құрылысшылар дайындайды: ШҚО әкімдігі сол үшін 40 млн теңге бөлді

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі теннисшілерді республикалық жарыстарға дайындауға 39 999 999 теңгеге тендер жариялап, оны «Мега Строй Астана» ЖШС құрылыс компаниясы ұтып алған. Әкімдік пен компания өткізілмеген мемлекеттік сатып алу бойынша бір көзден сатып алу арқылы келісім жасаған.

Конкурс «Үстел теннисі бойынша облыстың құрама команда мүшелерін дайындау, ұстау және республикалық спорт жарыстарына Шығыс Қазақстан облысы атынан қатыстыру қызметтері», деп аталады. Конкурстың сипаттамасына сәйкес бұл тендерді ұтып алған мекеме – 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚР «Дене шынықтыру және спорт» Заңының нормаларына сәйкес дене шынықтыру – спорт ұйымы, атап айтқанда негізгі қызметі дене шынықтыру-спорт аясындағы тұлға, сондай-ақ дене шынықтыру-спорт аясында басқа да тұлға болуы тиіс.

Сонымен бірге техникалық сипаттамасында:

«Ережелерге сәйкес ұйымында штат жұмысшылары болуы тиіс Дене шынықтыру және спорт бойынша жаттықтырушылық, жаттықтырушы-оқытушылық қызметке техникалық және кәсіптік дене шынықтыру немесе жоғары дене шынықтыру білімі бар адамдар жіберіледі. «Қазақстан Республикасының спорт шебері» немесе «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» не «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» спорттық атақтары, техникалық және кәсіптік немесе жоғары білімі бар, дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган жанындағы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курстарынан өткен адамдар да дене шынықтыру және спорт бойынша жаттықтырушылық, жаттықтырушы-оқытушылық қызметке жіберіледі», делінген.

«Мега Строй Астана» ЖШС-не келер болсақ, бұл компанияның негізгі қызметі – 1, 2 санаттағы стационарлық коммерциялық объектілерді қоспағанда, тұрғын емес ғимараттарды салу. Ал қосымша, міндетті емес қызметі ретінде – «спорт саласындағы басқа да қызмет түрлері» деп көрсетілген. Яғни құрылыс пен спортты қатар алып жүре алатын компания болып тұр.

Кompra.kz сайтындағы мәліметтерге сенсек, бұл компания сәлі сенімсіздеу көрінді. Онда: «Салық міндеттемелерін орындамау тәуекелінің дәрежесі жоғары» деп көрсетілген.

Ал иесі – Адамов Мухамед-Эмин Анкари. Яғни осы азаматтың құрылыс компаниясы спортқа бағытталған мемлекеттің 40 млн теңгесіне теннисшілерді жарысқа дайындайды.

Бұл компанияның спортқа қатысты басқа қандай шараларға қатысқаны жөнінде іздестіріп көрдік. Алайда ашық деректерден ешқандай спортқа қатысты мәліметтерді таба алмадық.

Сондай-ақ оқыңыз