Елдегі екінші деңгейлі банктердің кредит портфелі 21,7%-ға өсті

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша орта есеппен банк жүйесі ай сайын өзінің кредит портфелін айына 1%-ға ұлғайтқан. Ал жылдық мәнде кредит портфелі 2023 жылғы маусым қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,7%-ға өскен. Бұл жайлы Экономикалық зерттеулер иниститутының аға сарапшысы Тоқтасын Бақберген өз пікірін білдірген.

Осы жылғы маусымда банк жүйесінің кредит портфелі 24,4 триллион теңге деңгейінде қалыптасқан. Бұл 2023 жылғы мамырмен салыстырғанда 1,2%-ға жоғары екен.

 «Портфель құрылымында ұлттық валютада берілген кредиттер басым. Осылайша, олардың үлесі 2022 жылдың басындағы 90%-дан 2023 жылғы маусым айының қорытындысы бойынша 93%-ға дейін өсті. Айта кету керек, мөлшерлеменің өсуі депозиттердің үлкен тартымдылығына әкелді, бұл ЕДБ-ге экономиканы белсенді түрде кредиттеуге мүмкіндік берді, өйткені кредиттер мен депозиттер бойынша мөлшерлеме базалық мөлшерлеменің мөлшеріне тікелей байланысты», дейді сарапшы.

Бұл орайда ЕДБ портфелінің 80%-дан астамы ұзақ мерзімді қарыздар санатына жатады екен. Сарапшының айтуынша кредит портфелінің сапа серпіні жалпы оң санатта, өйткені берілген кредиттердің 90%-дан астамы өтімді және кредиторлар мерзімінде өтеп жатыр. Алайда, талданған кезеңде портфель сапасының нашарлау мүмкіндігі туралы сигнал беретін теріс серпін бар екенін айтады.

«2022 жылдың басында кредит портфеліндегі мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың үлесі 5,3%-ды, ал 2023 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша кредит портфеліндегі мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың үлесі 8,2%-ды құрады. Бұл ретте мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздардың үлесі мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың жалпы санында 2022 жылғы қаңтарда 62,9%-дан 2023 жылғы маусымда 44,2%-ға дейін төмендеді. Мерзімі өткен қарыздардың жалпы үлесінде 31-ден 90 күнге дейін берешек мерзімі өткен қарыздардың жалпы үлесі 2022 жылғы қаңтардағы 12,2%-дан 2023 жылғы маусымдағы 17,3%-ға дейін өсті», дейді маман.

Сондай-ақ оқыңыз