Алматының медицина ұйымдарына қосымша 7 млрд теңге бөлінді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласының денсаулық сақтау саласына қосымша 7 млрд теңге бөлген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте МСҚ Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қосымша қаржы Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді пайдалану көрсеткішінің жоғары болуына байланысты бөлініп отыр.

«Жалпы, оңтүстік астанада медициналық қызметке жүгіну көрсеткіші өте жоғары. Сондықтан Қор өткен аптада қаладағы медицина мекемелерін қаржыландыруға 7 млрд теңгеге жуық қаржы бөлді. Бөлінген қаражаттың 2,8 млрд теңгесі консультативтік-диагностикалық қызметтерге, 4,1 млрд теңгесі – стационарлық көмекке, 164,5 млн теңгесі жоғары технологиялық қызметтерге жұмсалмақ», – деді Тілеухан Әбілдаев.

Филиал басшысының дерегінше, биыл Алматы қаласы денсаулық сақтау саласының бюджеті 302,4 млрд теңгені құрап отыр. Оның 156,7 млрд теңгесі – кепілдендірілген тегін медициналық көмекке, 145,7 млрд. теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі. Салыстырар болсақ, бұл өткен жылдың бюджетінен 17% артық.

Естеріңізге сала кетсек, Қор көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді және қызмет ақысы тиісті мониторингтен кейін ғана төленеді. Әдетте, мониторинг барысында стандарттар мен нормативтерден ауытқу сынды ақаулар анықталып жатады. Емдеу мекемелеріне айыппұл салынады, көрсетілген қызмет сомасы толығымен немесе оның белгілі бір бөлігі Қорға қайтарылады. Ал, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазған клиникалар үш есе айыппұл салынады.

Сондай-ақ оқыңыз