Жаңалықтар

Бір әулеттің 11 адамы суға батып кетті – Төтенше жағдайлар министрі пікір білдірді

Фото: kursiv.media

Төтенше жағдайлар министрлігі Сырдария өзенінде болған 11 адамның қайғылы қазасына қатысты түсініктеме берді. Министр Сырым Шәріпхановтың айтуынша, бұл мәселе жіті қадағаланып, тексеріліп жатыр.

«Қазір іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Неліктен бұлай болғанын тергеу органдары анықтайтын болады.Бұл жер суға түсуге жарамсыз болған. Адамдар демалыста болған. Өкінішке қарай төрт отбасы жапа шекті. Біз бәрін тексереміз, реттейміз», деді Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы.

Лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартыла ма деген жуналистердің сұрағына министр ондай шешім тексеру жұмыстарының нәтижесіне байланысты қабылданатынын айтқан.

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні кешке Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі Отырар ауданы, Сырдария өзенінің жағасында бір әулеттен шыққан 4 отбасының мүшелері демалуға келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталғаны туралы хабарлаған болатын. Адамдардың суға батқаны туралы хабарлама 18-дер шамасында келіп түскен.

«Шомылуға келген 20 адамның 11-і суға батып кеткен. Оның 5-еуі балалар болса, 6-ы ересектер. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті жанынан жедел штаб құрылып, оқиға орнына Отырар ауданы әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орман шаруашылығы және еріктілер жолданып, бірден іздестіру шараларына кірісті», делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша 8 адамның денесі табылған. Үш адамды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Іздестіру шараларына жалпы 144 бригада, 16 техника, 6 жүзу құралы жұмылдырылған.