Жаңалықтар

Bloomberg: Ресей Urals мұнайын шекті бағадан әлдеқайда жоғары сатып жатыр

Фото: shutterstock.com

Ресей Федерациясы төл маркалы «қара алтынын» бұған дейін белгіленген шекті бағамен емес, одан айтарлықтай жоғары тарифпен сатып жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігінің зерттеуінде жазылған.

«Батыс компаниялары Ресейдің Urals мұнайын «Үлкен жетілік» белгілеген барреліне 60 доллардан емес, одан  жоғары бағаға сатып алуда», – деп жазды халықаралық агенттік.

Bloomberg ақпараттың нақты дереккөзін атамады. Агенттіктің мәліметінше, Балтық және Қара теңіз порттарынан ресейлік мұнайды экспорттайтын барлық кемелердің шамамен 40 пайызы бағаның ең жоғары шегін сақтауы қажет батыс компанияларына тиесілі.

«Бірақ көптеген кеме иелері мен сақтандырушылар оның сатылған нақты бағасы туралы білмейді. Сонымен бірге Ресей Федерациясынан мұнай экспорттайтын көптеген кемелер әлі күнге дейін Лондон арқылы сақтандырылған», – деп жазылған материалда.

Бағаға қатысты күмән көп, нақты ақпарат жоқ

Басылым тілшілері атап өткендей, батыс компаниялары ресейлік мұнайдың барреліне 60 доллардан аспайтын бағамен сатып алынғанын растай алатын болса, онымен жұмыс істеуге құқылы.

«Бұл тауарлардың қаншалықты жақсы тексерілетіні және мұндай қызметтердің қаншалықты жиі тексерілетіні күмән тудырады. Кеме иелері мен сақтандырушылар баға шегін сақтай отырып, мұнай сатып алуды растау жеткілікті ме, осыны анықтауға тырысады», – деп жазылған мақалады.

Халықаралық басылым дерегінше, шілдеде Urals мұнайының орташа бағасы барреліне 64,37 долларды құрады, бірақ шын мәнінде Ресей Федерациясының Балтық және Қара теңіз порттарында оның бағасы барреліне 71 долларға жеткен. Нәтижесінде Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония және АҚШ-ты біріктіретін бейресми халықаралық клуб – G7 бекіткен баға шегі сақталмай отыр.

Ресейлік мұнай саудасына қатысы бар компанияларға санкция салынуы мүмкін

Бұл туралы Wall Street Journal басылымы жазды.

«Америка Құрама Штаттары ресейлік мұнай саудасына қатысы бар түрік компанияларына санкция салуы мүмкін», – деп хабарлады басылым.

WSJ мәліметтері бойынша, Ресей Федерациясы Украинаға басып кірген кезден бастап кейбір әлемдік мұнай нарықтарындағы өз үлесін арттыра түскен. Расымен де қазір Үндістанға мұнай импортының шамамен 40%-ын дәл осы Ресей қамтамасыз етеді. Әскери шиеленіске дейін көртескіш 3%-дан аспаған еді.

Бұған дейін сәуір айында немістің Der Spiegel басылымы Ресей мұнайының айтарлықтай көлемі санкцияларды айналып өтіп, Приморск өлкесіндегі Козьмино порты арқылы сатылып жатқанын мәлімдеді. Ол кездегі орташа бағасы барреліне 73 долларды құраға.

2022 жылдың желтоқсанында британдық Financial Times басылымы Ресей Батыс санкцияларын айналып өтіп, Үндістанға, Қытайға және Түркияға мұнай тасымалдау үшін 100-ден астам ескі танкерден тұратын «көлеңкелі флотты» құрып жатқанын хабарлады.

Халықаралық басылымдар осы арқылы Ресей мұнайының экспортын шектеу, шекті баға талабын сақтау шараларын қатаңдату керек деп есептейді.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 5 желтоқсанынан бастап Еуропалық Одақ, G7 елдері және Австралия ресейлік мұнайды теңіз арқылы тасымалдауға шекті баға белгіледі. Осылайша көрсеткіш барреліне 60 доллар еңгейінде енгізілді. Бұл талап 5 ақпаннан бастап күшіне енді. Шектеулер кезінде коалиция елдері нарықтағы өзгерістерді ескере отырып, бағаны екі ай сайын қайта қарауға және олардың деректері негізінде есептелген орташа нарықтық бағадан 5% төмен емес деңгейде белгіленуге келісті. Халықаралық энергетика агенттігі қаңтарда келіссөздер нәтижесінде баға шегін барреліне 60 доллар деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылданды. Одан кейінгі наурыздағы кездесуде Эстония шекті бағаны 2 есе төмендетуге шақырды. Алайда ол кездегі кездесуде де тариф өзгерген жоқ.