Ерұлан Жамаубаев «АрселорМиттал Теміртау» мүлкін ресейлік компанияға беру туралы ақпаратқа түсініктеме берді

Жарияланды

Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Ресейдің «Северсталь» жария акционерлік қоғамына берілуіне қатысты пікір білдірді.

Үкімет отырысынан кейін журналистер Жамаубаевтан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның мүлікті Ресейдің «Северсталь» компаниясына берілуі қай сатыда тұрғанын нақтылауды сұрады.

Жамаубаев бұл мәселемен премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айналысып жатқанын айтты.

«Бұл мәселемен белгілі бір адамдар тобы айналысуы керек. Ол үшін маңызды келіссөздер жүргізілуі қажет. Сондықтан әркім өзінше пікір білдіргені дұрыс болмайды. Сондай-ақ бұл келіссөз процесіне әсер етуі мүмкін. Мәлімдеме жасалды. Саяси шешім қабылданды деп ойлаймын. Сол себепті жұмыс істейміз», – деді Жамаубаев.

Ол «Северсталь» компаниясымен келіссөздің жүріп жатқанына қатысты сұраққа жауап бере алмайтынын, бұл тікелей Склярдің міндеті екенін айтты.

«Мен үшін, Қазақстан үшін инвестордың төлем жасауға қабілетті болғаны маңызды. Яғни, белгілі бір ресурстарды инвестициялауы және өндірісті жаңғыртуға қаржы жағынан қамтамасыз етуге мүмкіндігі болғаны маңызды. Қазіргі акционермен келіссөздер толық аяқталған жоқ», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер таспасы өртеніп, апат болды. Салдарынан бес кенші қаза тапты

Сондай-ақ оқыңыз