Жаңалықтар

Каспий теңізі түбінде талшықты-оптикалық желі жүргізетін қазақ-әзірбайжан бірлескен кәсіпорны құрылды

Фото: «Қазақтелеком» баспасөз қызметі

Қазақстан мен Әзірбайжанның жетекші телеком-операторлары Транскаспий талшықты-оптикалық жобасы аясында бірлескен кәсіпорын құрды.

Бакуде бұрын қол қойылған акционерлік келісім негізінде «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік органдарымен бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Әкімжан Ақылбеков пен «AzerTelecom» компаниясының операциялық мәселелер жөніндегі Бас директоры Сергей Назаренко бірлескен компанияны тіркеу туралы соңғы құжатқа қол қойды. Бұл туралы «Қазақтелеком» компаниясы баспасөз қызметі хабарлады.

Еске саламыз, маусым айында үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың Әзірбайжанға сапары кезінде «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Каспий түбінде Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісін салу мен пайдалануға жауапты бірлескен кәсіпорын құру туралы акционерлердің келісіміне қол қойған еді.

«Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық магистраль салу жобасы трансұлттық «Цифрлық Жібек жолының» негізгі құрамдауыштың бірі, оның түпкі мақсаты – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ елдерінде интернет сапасын арттыру. Қазақстан мен Әзірбайжанды жалғайтын теңіз түбіндегі кабельдік желінің ұзындығы 380 км құрайды, ал жаңа магистральдың өткізу қабілеті 400 терабит/с дейін жетеді», делінген компания таратқан хабарламада.

«AzerTelecom» ЖШҚ операциялық мәселелер жөніндегі бас директоры Сергей Назаренконың айтуынша, бірлескен кәсіпорын «Цифрлық Жібек Жолы» жобасының маңызды элементін — Азия мен Еуропа арасындағы деректердің көп терабиттік көлемін беруді қамтамасыз ететін Транскаспий талшықты-оптикалық кабельдік желісін құруға инвестиция салады.

«Бұл жобаны өңірдегі ең маңызды жобаға айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Тағы көздегеніміз –  цифрлық қызметтердің өсуіне сеп болып, Азиядан Еуропаға дейін жаңа өнімдер жасап, жаңа әріптестік қарым-қатынас орнату», – деп толықтырды «Қазақтелеком» АҚ мемлекеттік органдарымен бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Әкімжан Ақылбеков.

Бұған дейін «Цифрлық Жібек Жолы» жобасы АҚШ-та өткен «Global Strategic Infrastructure Leadership Forum» іс-шарасында Азиядағы ең үздік бес стратегиялық инфрақұрылымдық жобаның бірі болып танылған. Қазіргі уақытта Транскаспий талшықты-оптикалық кабель желісін салу жөніндегі жобаны іске асыру аясында тараптар болашақ суасты магистралінің HLD (high-level design) жоғары деңгейлі дизайнын әзірлеп, жобаны іске асырудың егжей-тегжейлі жол картасын бекітті.

«Қазақтелеком» АҚ Қазақстанның ірі телекоммуникациялық компаниясы болып табылады, әрі Қазақстанның ірі қалаларын жоғары жылдамдықты дерек беру цифрлық ағынымен байланыстыратын Ұлттық ақпараттық супермагистралі бар ұлттық байланыс операторы мәртебесіне ие.

AzerTelecom – Әзірбайжанның жетекші көтерме телекоммуникациялық операторы. Компания энергетика, телекоммуникация, жоғары технологиялық және құрылыс салаларында 9 елде қызметін жүзеге асыратын NEQSOL Holding халықаралық компаниялар тобының құрамына кіреді.