Игерілмей жатқан 7,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Жыл басынан бері елімізде игерілмей жатқан немесе жекенің қолына заңсыз өтіп кеткен 7,8 млн га ауылшаруашылығы жері мемлекетке қайтарылған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәселен, Қарағанды облысында 1,5 млн га ауылшаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қостанай облысында – 738 мың га, Ақтөбе облысында – 745 мың га, Түркістан облысында – 631 мың га, Павлодар облысында – 532 мың га мемлекетке өтті.
Республика бойынша жерді пайдаланушыларға қатысты 5,5 млн га алаңды қамтитын 2 410 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Тексеру нәтижесі бойынша 3,1 млн га алаңда жер заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы 1 597 ұйғарым шығарылса, 240,9 мың га алаң бойынша 246 материал сот қарауында жатыр. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жерді пайдаланушылар 2,7 млн га алқаптағы өз жерлерін игеруге кірісті.
Одан бөлек жергіліктә әкімдер 526,3 мың га ауылшаруашылығы жерлерін беру туралы 515 заңсыз шешім шығарғаны анықталған. Соның ішінде 135 шешімнің күші жойылды, қалған 380 шешімнің күшін жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Алматы облысында құны 7 млрд теңге тұратын жер телімдері мемлекетке қайтарығаны хабарланған.
Маусым айында депутат Бақытжан Базарбек Ахметжан Есімов пен Бауыржан Сағынтаев әкім болып түрған кезде Алматы қаласының маңындағы алма бақтар мен жер жекенің қолына заңсыз өтіп кеткенін айтып, депутаттық сауал жолдаған.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 2022 жылы 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылғанын айтып өткен еді.