«Қазақстан» шахтасындағы апатты тергеуге халықаралық сарапшылар тартылды
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы апатты тергеу шеңберінде бірқатар сараптамалар тағайындалды. Оларды қазақстандық және халықаралық ұйымдар жүргізетін болады.Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады.
Арнайы комиссия мүшелері жұмысты ұйымдастыру барысы туралы айтып берді.
«Бүгінде өкімге сәйкес жеті кіші комиссия құрылды. Әртүрлі жүйелердің жұмысы, оның ішінде позициялау, апатты жою жоспарын жасау, конвейерлер мен тау-кен қазбаларының техникалық жай-күйінің жобалау-техникалық және нормативтік құжаттама талаптарына сәйкестігі және т.б. зерттелетін болады. Міндет – өрттің пайда болу және даму себептерін анықтау, – деді комиссия төрағасының орынбасары Мұса Танабаев» – ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, жеті сараптама тағайындалды: «Горняк» оқшаулағыш өзін-өзі құтқарушыларының жұмысы, кеніш атмосферасын бақылаудың автоматты жүйесі, өрт-техникалық және т.б. өрт шыққан конвейердің таспа төсемі бойынша қорытынды алу қажет.
Қазақстандық сарапшылар жақын арада жұмысқа кіріседі. Сондай-ақ Ресей мен Германиядан мамандардың келуін күтуде.
Қазір міндет – өртті сөндіру. Алайда, бұған қанша уақыт кететінін әлі ешкім айта алмайды.
«Бес бөлім жұмыс істеуде. Жағдай өте күрделі: жоғары температура, адамдар жете алатын жерлерде – шамамен 65 градус. Барлық дерлік қазбалар тау жынысы бойынша, сондай-ақ көмір бойынша жүргізілмеген, тиісінше, өрт жайылып, тарап кеткен. Қазіргі уақытта төрт нүктеде біз өртті бөгеттеп отырмыз. Қалыптасқан жағдайға және қолда бар тәжірибеге сүйене отырып, гипс көпірлерін салу арқылы тау-кен қазбалары желісін оқшаулау туралы шешім қабылданды. Кешегі күннен бастап біз осы жоспар бойынша жұмыс істей бастадық. Бүгінгі таңда материалдар шахтаға жеткізілді, өртті оқшаулау үшін инженерлік құрылыстар салынуда», – деп түсіндірді «КӘАҚҚ РШО» ЖШС Қарағанды филиалы директорының бірінші орынбасары Геннадий Силинский.
Ол бөгеттер саны жағдайға байланысты реттелетінін айтты.
Тау-кен құтқарушыларының жұмысы үшін барлық жағдайлар қамтамасыз етілген.
Бүгінгі таңда шахтаның 600-ден астам қызметкері Көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауыстырылды. Қалғандары шахтаның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен айналысуда және әскерилендірілген құтқарушыларға қажетті көмек көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те Д6 көмір көлбеуін (көкжиек-170 м) қазуда конвейер таспасының өртенуі орын алды. Апатты жою жоспары енгізілді. Оқиға болған кезде жер астында 227 адам болды, оның 222-сі жер бетіне көтерілді.
ТЖ салдарынан бес адам қаза тапты. Ауруханада 13 зардап шеккен адам емделуде.
Апатты тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды, оның құрамына барлық жауапты мемлекеттік органдар кірді. Сондай-ақ, апат фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу»).