Жылыту маусымына дайындық: энергия өндіруші компаниялардың отын үшін қарызы 19 млрд теңгедеген асады

Жарияланды
маэк
Фото: primeminister.kz; shutterstock; freepik

Энергия өндіруші компаниялардың газ бен көмір үшін қарызы 19 млрд теңгеден асады. Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Кім кімге қарыз? Энергия өндіруші ұйымдардың жеткізілген газ үшін «ҚазТрансГаз-Аймақ» компаниясына берешегі көп, шамамен 13 млрд теңгені құрайды. МАЭК-тің қарызы ең көбі – 10 млрд теңге, одан кейін Жайықжылуэнерго, Ақтөбе ЖЭО-сы, Өзен Жылу және Таразэнергоорталық тұр. 

ЖЭО-ры да көмір үшін «Богатырь-Көмір» компаниясына 6,4 млрд теңге берешегі бар. Оның ішінде Павлодарэнергоның қарызы ең көбі – 2,6 млрд теңге, Севказэнерго – 1,4 млрд теңге және Екібастұзжылуэнерго – 1,3 млрд теңге.

«Бұл қарыздарды жаңа маусымға қалдыруға болмайды. Өйткені отынның нормативтік қорларын қалыптастыруда проблемалар орын алуы мүмкін. Аталған өңірлердің әкімдері осы мәселелерді шешуі керек», — деді Әлихан Смайылов.

Өңірлердің жылыту маусымына дайындығы қандай? Жылу желілерін жөндеу бойынша еліміздің 4 өңірінде жұмыс көлемінің жартысы да аяқталмаған. Бұлар – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстары. Сонымен қатар, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында тұр. Бұл туралы Үкімет отырысында Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жүйелік оператор «KEGOC» компаниясы Жылу орталықтарындағы жөндеу жұмыстарының кестесін бекітті. Алайда бұл кестеден кешігу байқалып отыр, кей жағдайларда жөндеу жұмыстарын келесі жылға ауыстыру фактілері де бар. 

«Сондықтан қыс уақытында осы объектілердің тұрақты жұмысында тәуекелдер туындауы мүмкін. Мәселен, Теміртау, Риддер, Екібастұз, Жезқазған қалалары мен Маңғыстау облысы тәуекел аймағында екенін атап өткен жөн», — деді Үкімет басшысы. 

Үкімет басшысы проблемаларды шешу үшін «Қазақмыс», «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы», «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшыларымен және иелерімен кездесулер өткізу қажеттігін айтты.

Премьер-Министрдің айтуынша, өңірлерде 13 мыңнан астам автономды қазандық дайындау қажет.

«Іс жүзінде шамамен 11 мың қазандық немесе 81%-ы дайындалды. Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкентте жұмыс қарқыны баяу»,  деді Әлихан Смайылов. 

Оған қоса Премьер-Министр жылу желілерін жөндеу бойынша 4 өңір жұмыс көлемінің жартысын да аяқтамағанын айтты. Бұлар – Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Абай облыстары.

Сумен жабдықтау желілері бойынша жөндеуге жоспарланған 1,5 мың км-дің тек 60%-ы ғана жөнделді. Басқа өңірлермен салыстырғанда Маңғыстау облысында, Алматы қаласында және Қызылорда облысында жұмыстың қарқыны төмен. 

Жалпы Үкімет басшысы белгіленген мерзімде барлық жоспарланған жөндеу жұмысының аяқталуын және қажетті көлемде отынның алдын ала жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.

«Ішкі көмір нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін өңір әкімдіктері тиісті тәртіппен 2 апта мерзімде көмірді дайындау және өткізу пункттерінің жағдайына, оның сапасына, жеткізу кестелеріне, бағалардың негізділігіне тексеру жүргізуі қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ оқыңыз