Жамбыл облысында қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланды
Премьер-Министрдің шешімімен «Азаматтық қорғау туралы» заңның 48-бабына сәйкес Жамбыл облысы Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Тұрар Рысқұлов және Талас аудандарында қалыптасқан өңірлік ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған сәйкес, облыстың аталған аудандарында ауа-райының қалыптан тыс ыстық болуы және судың тапшылығы салдарынан орын алған шаруалардың шығынын өтеуге ҚР Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы шешім қабылданған.
Осы жылы облыс бойынша суармалы судың жетіспеушілігі мен температураның қалыптан жоғары болуына байланысты егілген егін көлемі өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайызға кем болады деп күтілуде.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, шілде айының ортасында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен кеңесте облыс басшылығының бастамасымен облыста өңірлік төтенше жағдай жариялау туралы мәселе көтерілген. Осыған байланысты Үкімет басшысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.
Жұмыс тобына Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Төтенше жағдайлар министрліктерінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитетінің, «Қазсушар» Жамбыл облыстық филиалының және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері енген.
Жұмыс тобы егіс алқаптарын аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен танысып, шаруа қожалықтарымен кездесулер өткізген.
Бұдан бөлек, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смаилов облысқа жұмыс сапары барысында да жергілікті шаруалармен кездесіп, жағдаймен жеке танысты.
Аталған жұмыс тобының жан-жақты жұмысының нәтижесінде Үкіметке өңірлік сипаттағы төтенше жағдай жариялау және шаруа қожалықтарының шығынын өтеуге қаржы бөлу туралы ұсыныс енгізіліп, бұл ұсыныс қолдау тапқан.
Бүгінгі таңда облыстың алты ауданында, атап айтқанда Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарында шығынды анықтау бойынша құрылған жұмыс топтарының ғылыми зерттеу институттарымен бірлескен жұмыстары жүргізілуде.
Шаруа қожалықтарына келтірілген шығын көлемін анықтау шаралары вегетациялық кезең аяқталғанша нақтыланып, жақын күндері жарамсыз қалған аумақ пен шығын мөлшері түпкілікті айқындалады.
Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі жауаптыларға шаруалардың шығын көлемін анықтау нақты дәлелмен әрі заңды түрде жүзеге асуын қатаң бақылауда ұстау бойынша хаттамалық тапсырма жүктеді.
Осыған дейін Каспий теңізінің тартылуы мәселесін шешу үшін Ақтау қаласында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Мамандардың есебі бойынша алдағы онжылдықта әлемнің көптеген ірі тұщы және тұзды су қоймаларында су деңгейі айтарлықтай төмендеуі мүмкін екенін көрсетті. Бұл әсіресе Каспий теңізіне қатысты, оның бетіндегі су тез буланып, қыста су қоймасының солтүстік бөлігінде мұз жамылғысы жоғалып кетуіне байланысты, ауданы күрт қысқаруы мүмкін.
Сонымен бірге оңтүстікте биылғы құрғақшылық салдарынан шаруалар 560 гектар алқаптағы егінінен айырылды. Оған Қырғызстаннан Жамбыл облысына суаруға арналған су жеткілікті мөлшерде берілмегендігі себеп. Қырғызстан тарапы жаз айларында судың болмауына байланысты су жібере алмағанын айтты.
Осы су дауына байланысты Қазақстан тарапы кеденнен көліктерді өткізбей тастады деген ақпарат тарады. Бірнеше күннен бері шекарадан өте алмаған жүк көліктері кезек күтуге мәжбүр.