Елімізде «1WIN» халықаралық онлайн-казиносының қызметі тоқтатылды – ҚМА
Қазақстанда заңсыз қызмет еткен «1WIN» халықаралық онлайн-казиносының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
ҚМА Алматы облысы бойынша Департаменті елімізде заңсыз онлайн-казино ұйымдастырған «1WIN» ұйымына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Аталған ұйым Қазақстан аумағында ғана емес, сондай-ақ ТМД және алыс шетелде қызмет атқарған.
«Бұл онлайн платформа мыңдаған жерлестерімізді заңсыз ойын бизнесіне тартып қана қоймай, букмекерлік қызметті тиісті лизенциясыз атқарған. Ақша қаражатының ғаламтор-эквайринг арқылы және аутентификациялаусыз қабылдануы, құмар ойындарға кәмелетке толмағандардың да қатысуына мүмкіндік берген», делінген баспасөз хабарламасында.
Қазақстан заңнамасына сәйкес елде онлайн-казиноның қызметіне тыйым салынған, ал букмекерлік қызметке тиісті лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Агенттіктің хабарлауынша, қазіргі таңда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған күдікті анықталып, қажетті тергеу және жедел іздестіру әрекеттері жүргізіліп жатыр.