Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаздың» қарызы артып, таза пайдасы қысқарған

Фото: kursiv.media

«ҚазМұнайГаз» («Самұрық-Қазынаның» еншілес ұйымы) биыл қаңтар-маусым айларында 492 млрд теңге (1,1 млрд доллар) таза пайда тапқан. Алайда 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, бұл 36,6 пайызға аз. Былтыр осы уақытта компания 775 млрд теңге немесе 1,7 млрд доллар таза пайда тапқан еді. Есесіне компанияның қарызы өскен. Таза қарызы жыл басынан бері 7,6 пайыз өсіп, 5 млрд долларға жеткен.

«Бірлесіп бақылауға алынатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар кірісіндегі үлесті ескергенде, Компанияның таза пайдасы 492 млрд теңгені (1 088 млн АҚШ долларын) құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 775 млрд теңге (1 722 млн АҚШ доллары) көлемінде тіркелген.2023 жылғы 30 маусымдағы Компанияның таза қарызы 2022 жылғы 31 желтоқсандағы 2 143 млрд теңге (4 632 млн АҚШ доллары) деңгейіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 2 255 млрд теңгені (4 983 млн АҚШ доллары) құрады», делінген хабарламада.

Аралық қаржылық есептілікке сәйкес, кіріс 15,1%-ға төмендеп, 4,6 трлн теңгемен (10,3 млрд доллар) салыстырғанда 3,9 трлн теңгені (8,7 млрд доллар) құрады. Кірістің төмендеуі мұнай бағасының арзандауына байланысты: Brent маркалы мұнай баррелінің құны биыл бірінші жартыжылдықта 107,94 доллардан $79,66 дейңн арзандаған еді. Ал  Urals маркалы мұнай бағасы — 84,86 доллардан $53,86 дейін құлдырады.

Бос ақша ағымы 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтағы 571 млрд теңгемен (1 268 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 217 млрд теңгені (481 млн АҚШ долларын) құраған. Көрсеткіштің төмендеуі есепті кезеңде мұнай бағасының төмендеуімен, сондай-ақ күрделі шығындардың артуымен байланысты.

Мұнай және газ нарығында мұнай өңдеу маржасының жоғары құбылмалылығына байланысты KMG International негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің құнсыздануына тест жүргізіп, 95,0 млрд теңге мөлшерінде құнсыздану шығынын анықтады.

Сонымен қатар, 2023 жылы маусымда KMG International еншілес ұйымы, Руминиядағы Петромидия МӨЗ-де жеңіл гидрокрекинг қондырғысында өрт шыққаны белгілі. Жүргізілген бағалау нәтижесі бойынша негізгі құралдардың 3,7 млрд теңге мөлшерінде құнсыздану шығыны анықталған. Осылайша, ҚМГ тобы бойынша негізгі құралдардың және материалдық емес активтердің құнсыздануынан болған шығынның жалпы сомасы биылғы алты ай бойынша 98,9 млрд теңгені құраған.

2022 жылдың соңындағы «ҚазМұнайГаздың» IPO-сы кезінде компанияның 3% акциясы сатылды. ҚМГ акцияларының 87,42%-ы «Самұрық-Қазынаға», 9,58%-ы Ұлттық Банкке, 3%-ы миноритарлық акционерлерге тиесілі.