Жаңалықтар

Қазақстанда 95 мың бизнес-жоба субсидияланды

Фото: kursiv.media

Қазақстанда 95 мың бизнес-жоба субсидияланды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жаңабеков мәлім етті.

Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап кәсіпкерлікті қолдау құралдары 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасына біріктірілген. Ұлттық жоба аясында қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары қарастырылған.

«Қаржылық шаралардың ішінде ең көп сұранысқа ие – бұл субсидиялар. Субсидиялар екінші деңгейлі банктер беретін несиелердің құнын төмендету үшін қарастырылады. Сыйақы мөлшерінің бір бөлігін мемлекет 13,75%-бен субсидиялайды, ал кәсіпкер 8%-ын төлейді. Бұл облыс орталықтарындағы көрсеткіш. Ал басымдық берілген ауылдық жерлерде мөлшерлеме 7%. «Қарапайым заттардың экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары жүзеге асырыла басталғалы бері жалпы алғанда субсидиялау арқылы 95 мың жоба қолдау тапты, оның несиелік қоржыны 7 трлн теңгеге жуықтайды», – деді Нұрбол Жаңабеков.

Сондай-ақ, департамент директоры министрлік несие алу кезінде кепілзат қою бойынша мәселені шешуге бағытталған ішінара кепілдік құралы енгізілгенін жеткізді.
Кепілдік мөлшері:

  • 360 млн теңгеге дейін несие сомасының 85%;
  • 600 млн теңгеге дейін несие сомасының 70%-ы;
  • 1 млрд теңгеге дейін несие сомасының 50%-ы.

Осы бастама енгізілгелі бері 1,4 трлн теңге несие портфелі бойынша 57,5 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, министрлік ауылдық жерлерде 7% мөлшерлемемен, аудан орталықтарында 8% мөлшерлемемен берілетін шағын несие бағдарламасын жүзеге асыруда.

Инвестициялық мақсаттағы шағын несиелер 20 млн теңгеге дейін, 3 жыл мерзімге, ал айналым қаражатын толықтыру үшін – 5 млн теңгеге дейін, 2 жыл мерзімге беріледі. Бұл ретте 5 миллион теңгеге дейінгі шағын несиелер кепілзат қоюды қажет етпейді, бұл олардың басты артықшылығы. Құрал 2020 жылдан бастап енгізілді, бүгінгі күні мұндай несиемен 255,7 млрд теңгеден асатын 38 мыңға жуық жоба қамтылды.

2010-2021 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлік нысандар 120 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрды, 53,1 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, қызмет көрсетіліп, бюджетке жалпы сомасы 3,4 триллион теңге салық төленді.