Жаңалықтар

Ақылды желі жобалаушысы, құрылыс роботы: Қазақстанда қандай жаңа мамандықтар пайда болады?

Фото: freepik

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2017 жылғы ҚР Кәсіптердің ұлттық классификаторына өзгерістер енгізбек. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шара шеңберінде ҚР Кәсіптердің ұлттық классификаторына 900-ден астам мамандық бойынша өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Солайша елімізде 839-ы жаңа кәсіп пайда болмақ.

«Заң Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) шеңберінде кәсіби біліктілікті тану саласындағы қатынастарды реттейді. ҰБЖ – еңбек нарығынан біліктілікке сұранысты және білім беру жүйесінен, оның ішінде бейресми оқытуды қамтамасыз етуді реттеу мен үйлестірудің құқықтық және институционалдық құралдары мен тетіктерінің жиынтығы. Бұл құралдар мен механизмдерді стандарттау үшін Қазақстан Республикасының кәсіптердің ұлттық классификаторы қолданылады», делінген құжатта.

Өзгерістер жобасы мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен, ҚР Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» ҰКП-мен талқылау қорытындысы бойынша қалыптастырылған.

Сонымен қатар жұмыс берушілер қауымдастығының, Электрондық еңбек биржасында тіркелген жұмыс берушілердің, кәсіптік стандарттарды әзірлеушілердің және Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласының ұсыныстары ескерілген.

Жобаға сәйкес елімізде – экоаналитик, парниктік газдарды тексеруші, биоинженер-зерттеуші, биомедициналық инженер, ақылды желі жобалаушысы, құрылыс роботы және робототехника операторы, мониторинг жүргізетін дронның операторы сынды көптеген жаңа кәсіп атаулары пайда болады. Тіпті дін саласында қызмет ететіндерге қатысты жаңа атаулар қолданысқа енгізіледі. Мәселен, ислам діні қызметкерлері хафиз, имам-хатиб, азаншы, ұстаз деп бөлінеді.

№ 1 «ҚР ҰC 01-2017 Кәсіптер сыныптауышына» өзгерістер жобасы стандарттау жөніндегі Ұлттық органның интернет-ресурсында орналастырылған. Жоба 2023 жылдың 15 қазанына дейін талқылауда болады.