«Шұбаркөл көмір» мен ERG компаниясы ресейлік «Сбербанкпен» келісімшарт жасау себебін түсіндірді

Жарияланды
Коллаж: kursiv.media

«Шұбаркөл көмір» компаниясы ресейлік Сбербанкпен тамыз айының ортасында жасалған ірі келісімге қатысты «Курсивке» түсініктеме берді. Бұл оқиға отандық БАҚ-та үлкен резонанс тудырған болатын. Компания Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің ERG тобына кіреді.

«Бұл жаңа мәміле емес, реттеуші органдар рұқсат берген бұрын алынған несиелерді қайта құрылымдау. Ол санкциялық заңнаманы толығымен сақтай отырып және уәкілетті реттеуші органдардан алынған рұқсаттар/мақұлдауларға сәйкес жүзеге асырылды», делінген «Шұбаркөл Көмір» АҚ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сбербанкпен жасалған мәміле 21 тамызда белгілі болды. Оның егжей-тегжейлері айтылмады. Оған «Қазақстан алюминийі», «Соколов-Сарыбай» тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, Еуроазияттық энергетикалық корпорациясы (ERG тобына кіретін), ENRC Credit несиелік серіктестігі, «Тарнском», EKT Holding сияқты бірнеше компания қатысқаны ғана айтылды.

Ал Eurasian Resources Group-тің баспасөз қызметі қолданыстағы халықаралық реттеу тәртібіне сәйкес Топ кәсіпорындарының несие портфеліне қайта құрылымдау жұмысы жүргізілгенін хабарлаған.

«Топ қолданыстағы заңнамалар мен реттеу тәртібі (соның ішінде заңнамалар мен санкциялық құзырлы реттеу органдары тарапынан берілген рұқсат/мақұлдау) талаптарын мұқият сақтай отырып, «Сбербанк России» ЖАҚ алдындағы өзінің ағымдағы несиесінің қомақты бөлігін қайта құрылымдады. Қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында, бұл қайта құрылымдау ERG-дің қазақстандық кәсіпорындарының орнықтылығын нығайта түсті», делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз орталығының хабарлауынша компанияның қаржы портфелін қайта құрылымдау аясында бұдан басқа жаңа келісім шарттар жасалмаған. Тек, бұрыннан бар келісімнің басым бөлігінің шарттары жаңа берешек алмастан, жаңартылған.  

«ERG ең әуелі халықаралық және қазақстандық заңнамалардың талаптарына сай және тау-кен металлургия саласындағы әлемдегі ең жоғары стандарттарға сай қызмет етеді. Бүгінде біз 60 мың қызметкеріміз бен олардың отбасы мүшелерінің әл-ауқатын, «туған қалаларымыздың» гүлденуін қамтамасыз етіп келеміз. Алдағы уақытта да қызметіміздің осы Стратегиямызға сәйкес болуына барынша күш саламыз» деп пікір білдірген Еуразиялық Топтың Бас директоры Серік Шахажанов.

«Шұбаркөл Көмір» акционерлері Еуроазияттық энергетикалық корпорациясы (48,36%) және SHK EURASIAN HOLDING B.V. (49,88%). Екеуі де өз кезегінде Group құрамына кіреді. Ол Қаржы министрлігіне (40%) және Александр Машкевич пен Алижан Ибрагимовтың отбасына (әрқайсысы 20,7%), сондай-ақ Патох Шодиевке (18,6%) тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз