Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетуі мүмкін – сарапшылар

Жарияланды

Бүгінде инфляцияның бәсеңдей бастауы базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16,25%-ға төмендетуге ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы Интерфакс-Қазақстан сауалнамасына қатысқан сарапшылардың басым бөлігі айтты.

Мұндай қадам нарықтағы «тыныштық» кезеңінде экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Дегенмен, түпкілікті шешім жалпы экономикалық жағдай мен қазіргі жаһандық үрдістерді ескере отырып қабылданады.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 25 тамызындағы отырыста ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылдайды. Шілдеде реттеуші тамыз айының соңына қарай базалық мөлшерлемені төмендету мәселесін қарастыратынын хабарлаған.
Halyk Finance бас сарапшысы Асан Құрманбековтың айтуынша, реттеушінің ақша-несие саясатын өзгертіп, базалық мөлшерлемені төмендетуге кірісетін уақыты келді. Сарапшы инфляция динамикасы баяулады деп есептейді.

«Бұл ретте инфляцияға қарсы тәуекелдер негізінен ішкі факторлардың әсерінен, бірінші кезекте коммуналдық қызметтерге, энергияға тарифтердің қымбаттауына, бюджеттік серпінге байланысты қалыптасады, олар әлі де біршама жоғары, ал инфляциялық күтулер аздап болса да төмендеді», – деп атап өтті Құрманбеков.

Оның пайымынша жыл соңына қарай инфляция 12%-ға дейін бәсеңдеп, базалық мөлшерлеме оңтайлы 15%-ды құрайды.

«Реттеушінің базалық мөлшерлеме бойынша қандай шешім қабылдайтынын білмейміз, бірақ, біздің ойымызша, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты комитетінің келесі отырысында базалық мөлшерлеме 50 пайыздық тармаққа, 16,25%-ға дейін төмендейді», – дейді сарапшы.

Freedom Finance Global сарапшысы Данияр Оразбаев әріптесінің пікірін қолдады және ол да мөлшерлеме 16,25%-ға дейін төмендейді деп есептейді.

«Инфляцияның бәсеңдеуі жағдайында біз мөлшерлеменің 50 пайыздық тармаққа төмендеуі мүмкін деп есептейміз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімі ай басынан бері -0,2%-ды құрады», – деп түсіндірді сарапшы.

Оразбаев соңғы айларда облигациялар нарығындағы кірістілік «айтарлықтай» төмендегенін айтып, шілдеде Ұлттық банк алдағы отырыста мөлшерлемені «сақтықпен төмендетуге» рұқсат бергенін еске салды.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылар алдымен ішкі және сыртқы инфляциялық факторларды зерделеу керек деп есептейді.

«Шілде айының қорытындысы бойынша инфляцияның айлық деңгейі қалыпты өсуді көрсетті, ал жылдық мәндер ақпандағы ең жоғары 21,3%-дан 14%-ға дейін төмендеуін жалғастырды. Сондай-ақ, жыл басынан бері инфляциялық процестер Қазақстанның сауда серіктестері болып табылатын кейбір елдерде: Қытайда, ЕО және АҚШ-та бәсеңдеуде», – деп хабарлады ҚҚҚ сарапшылары.

Бірақ, қауымдастық сарапшыларының пайымынша, оң динамикаға қарамастан, инфляцияға қарсы тәуекелдер айтарлықтай жоғары. Осылайша, қатаң монетарлық жағдайларға қарамастан, тұтынушылық сұраныс жоғары күйінде қалып отыр, қуат көздерінің бағасы жыл басындағы деңгейге қайта оралды, азық-түлік бағасы қайтадан өсім көрсетті, Қазақстан импортының 27 пайызын құрайтын Ресейдегі инфляция үдей бастады.

«Базалық мөлшерлеме, оның ішінде оны кезең-кезеңмен төмендету мүмкіндігі туралы шешімді Ұлттық банк жоғарыда аталған факторлардың барлығын ескере отыр қабылдайды», – деп хабарлады қауымдастық.

Сондай-ақ оқыңыз