Алматы әкімдігі экологиялық жағдайды жақсарту үшін 600 автобус сатып алуды жоспарлап отыр

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматы әкімдігі экологиялық жағдайды жақсарту үшін 600 автобус сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы мегаполис әкімі Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде айтты.

Қала басшысымен жүздесуге келген тұрғындардың бірі «Бұрын біздің ауданға газбен жүретін «газельдер» қатынайтын болса, қазір дизельмен жүретін автобустар қатынайды. Олардан бөлінген қара түтінмен демалу мүмкін емес. Осы мәселе қашан шешіледі», -деп сұрақ қойды.

Тұрғын сауалына Алматы әкімі Ерболат Досаев биыл жергілікті бюджет есебінен 600 автобус сатып алып жатырмыз деп жауап берді.

«Өкінішке орай, бізде қалада дизельді автобустар бар. Біз қоғамдық көлікті экологиялық жағынан тиімді ету бағдарламасын іске қостық және оны 2025 жылдың соңына дейін аяқтаймыз деп үміттенеміз. Қалада жүрген дизельді автобустардың экологиялық стандартқа сай келмегендерін, есептен шығарамыз. Өкінішке қарай, қаладағы қоғамдық көліктер паркінің жалпы жағдайы мәз емес. Биыл жергілікті бюджет есебінен 600 автобус сатып алып жатырмыз. Жеке тасымалдаушылардан да сұрадым, олар 700-ге жуық автобус сатып алады. Биыл сатып алынатын дизельді автобустардың бір бөлігі еуропалық 5- ші стандартқа сәйкес келеді»,-деді Е. Досаев.

Сондай-ақ ол, жақында жолаушы тасымалымен айналысып келе жатқан бір автобус паркімен жұмыс істеуді тоқтатқандарын айтып өтті. Бірақ, нақты себебін және қандай компания екенін ашып айтқан жоқ.

«Біз сапасыз қызмет көрсетіп келген компанияның бірімен келісім-шартты үздік. Сол себепті «Алматыэлектротранс» кәсіпорнына айтарлықтай жүктеме түсіп отыр. Жаңа автобустардың келуіне байланысты автобус паркін жаңарту жоспарда бар. Өкінішке қарай, бұл Наурызбай ауданының ғана емес, бүкіл қаланың проблемасы. Президентіміз 2025 жылдың соңына дейін эколологиялық мәселені шешуді тапсырды. Осы бағытта жұмыстар жүргізуге міндет қойды»,- деп аяқтады сөзін Алматы әкімі.

Сондай-ақ оқыңыз