Алматыда құны 80 млн теңгеден асатын 55 мың вейп тәркіленді

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Алматы қаласында заңсыз сатылған 55 мың электронды темекі тәркіленді. Оның жалпы құны 80 млн теңгеден асады. ҚМА Алматы қалалық департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп, тексеру жүргізген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қалада электронды темекіні заңсыз сатқан сауда орындары мен қоймалар анықталған.

«Тінту кезінде жалпы сомасы 80 млн теңгеден асатын 55 мыңнан астам электронды темекі табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды.ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды», делінген хабарламада.

Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Ұазаұстанда вейпке толық тыйым салынады деп мәлімдеген еді.

«Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеп жатыр, олар оны ведомствоаралық комиссияға берді, біз оны қарадық. Вейптерге толығымен тыйым салу туралы шешім сөзсіз қабылданады», деп жауап берді журналистерге Жамаубаев үкімет отырысынан кейін өткен жиында.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма басшысы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин Қазақстанға дизайны мен хош иісі жарқын вейптерді әкелуге және сатуға тыйым салуды ұсынған болатын. Байгенжиннің пайымдауынша, вейпті тұтыну 10 жылдан кейін өкпе ауруымен ауыратын науқастардың көп болуына әкеледі.

Оның айтуынша, электронды темекі сату 2006 жылы басталып, кейін оның құрамында тек никотин болған, ал 2017 жылы вейп деп аталатын хош иістендіргіш электронды темекілер шығарыла бастаған.

Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты.

Депутаттар Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Ғалымжан Елеуов, Дәулет Тұрлыханов және Гүлдара Нұрымова осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдап, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте кеңінен талқылаған.

Сондай-ақ оқыңыз