Жаңалықтар

Кәсіпкерлердің Үкіметтен сұрайтын бұйымтайы не?

Таяуда Алматы, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарының бизнес-қауымдастығы «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып Үкіметке отандық инвестжобаларды қолдау бойынша өз ұсынысын жолдады. Олар салалық басым салалар бойынша өңірлік деңгейдегі салалық мастер-жоспарды әзірлеуді ұсынды. Айтуларынша, аталған жоспарда шағын және орта бизнесті қолдаудың өңірлік бағдарламасы көрініс таппақ.

Ет экспортының әлеуеті жоғары

«Жаңа тәсілдің негізгі ұсыныстарының ішінде бірыңғай интерактивті инвестициялық картада салалық мастер-жоспарларды сүйемелдеу мен мониторинг жүргізуді атап өткен жөн. Соның арқасында жауапты тұлғаларды анықтай отырып, жоспарланған көрсеткіштерден ауытқу себептері бойынша ақпаратты көрсете отырып, осы басым салаларда инвестициялық бағдарламаларды іске асырудың түпкілікті мониторингі қамтамасыз етілетін болады», дейді «Атамекен» ҰКП төрағасы Райымбек Баталов.

Оның сөзінше, аталған бастама өңірдің бәсекелі басымдығын толық көлемде жүзеге асыруға және олардың инвестициялық әлеуетін жедел ашуға көмектеседі. Бизнес-қауымдастық жергілікті инвестициялық жобаларды қолдау жайлы да айтты. Негізінен, ұсыныс ет экспортын Қытай нарығына шығару және лаборатория ашу мүмкіндігін қарастыруға қатысты болды. Мұндай ұсынысты айтқан түркістандық кәсіпкер Сырым Ертаевтың сөзінше, оның «Қайып-Ата» кәсіпорыны ет дайындау және сатумен айналысады. Қазіргі уақытта 5 мың тоннаға жуық ет шетелге экспортталып отыр және бордақылауды 50 мың басқа дейін көбейту жоспарланған. Өйткені шет мемлекеттер тарапынан етке деген сұраныс ауқымы өте жоғары. Компания жобасын жүзеге асыру үшін 4,5 млрд теңге көлемінде қаражат керек.

«Біз етті Қазақстанның түкпір-түкпірінен Өзбекстандағы 100-ден астам сауда нүктесі бар ірі сауда желісіне экспорттаймыз. Елдегі фермерлердің ет өткізу мәселесін шешуге дайынбыз. Сол себепті, ет көлемін арттыру мақсатында 2 жыл ішінде 27 млрд теңге сомасына 50 мың басқа арналған бордақылау алаңын салуды жоспарлап отырмыз. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының қолдауымен екінші деңгейлі банктерден қаржыландыру мәселесін қарастырудамыз. Сонымен қатар ет нарығын өрістету үшін терең қайта өңдеуді дамыту керек. Бордақылау алаңдарынан бөлек заманау ет комбинатын салу да жоспарымызда бар. Біз Түркия, Австралия, Қытай елдеріне барып, олардың жобаларымен таныстық. Алған тәжірибенің арқасында қазір күніне 1 500 бас ірі қара мал соятын ет комбинатының құрылысы басталып жатыр», дейді фермер.

Сондай-ақ ішкі өнімдерді (теріні) өңдеу мәселесі де өткір тұр. Аяқ киім өндірумен айналысатын кәсіпкерлер теріні Өзбекстан мен Түркиядан алдырады. Содан кейін барып Қазақстан терісіне жүгінеді. Себебі мал сойылғаннан кейін тері қолмен алынып, сапасы төмендейді. Қазіргі уақытта субөнімдерді қайта өңдеу цехын салуға инвестор дайын отыр екен.

«Тағы бір проблема – лаборатория. Сынақ хаттамасын аккредиттелген зертхана береді. Үлгілер алынған сәттен бастап 3-4 күн ішінде зертханада сыналады. Алайда мал сойылғаннан күннен бастап ет сапасы төмендей береді, ал ет өз сапасын сақтау үшін Өзбекстанға 24 сағат ішінде келуі керек. Қытайлық инвесторлар Қазақстанда зертхана салуға және оларды өз елдеріне әкетуге ниетті. Сондықтан зертхана ашу бойынша мәселені де қарастырамыз», деді ол.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер несиелеу мен субсидиялаудың қолжетімділігін арттыру, жетіспейтін теміржол және көлік жолдарын салу, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, экологиялық заңнама нормаларын сақтау және ірі сауда желілеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелерін де көтерді.

Басы артық талаптар жойыла ма?

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазір Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп бизнеске жайлы жағдай жасаудың жүйелі шараларын қабылдап жатыр.

«7 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі мен агроөндіріс кешенінде өндіріс ұлғайып, құрылыс жұмыстары мен негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі артты. Кәсіпкерлерді жан-жақты қолдау – Үкімет жұмысының маңызды бөлігі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикада шағын және орта бизнес нысандарының саны 27%-ға, ал осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 18%-ға өсіп, 4,1 млн адамға жеткен. Жалпы, елдің ЖІӨ-сіндегі ШОБ үлесі 36,5%-ға дейін өсті. Бұл кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін тыңдап, оларды біртіндеп шешу бойынша күнделікті бірлескен жұмыстың нәтижесі. Осы орайда қалған бизнеске қойылатын артық талаптарды жою оның дамуына қосымша серпін бермек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Қазақстан экономикасының өсуі 4,8%-ға дейін жеделдегенін, бұл жақсы көрсеткіш екенін айтты.

«Біздің мақсатымыз – экономикалық өсімді 7-ден 10%-ға дейін арттыру, бірақ бұл үшін банктер қолжетімді несиелер беріп, кәсіпкерлер көтеріп отырған өзекті мәселелерді шешу қажет. Осы мәселелердің барлығы бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деді Премьер-министр.

Ендігі кезекте бірлесе атқаратын басты шаруалар қатарында:

  • Басы артық талаптар мен әкімшілік жүктемені азайту;
  • Мемлекеттік бақылау және қадағалау рәсімдерін автоматтандыру;
  • Салықтық әкімшілендіруді жеңілдету;
  • Цифрландыруға, мемлекеттік сатып алу мәселелерін қолайлы ету;
  • Орта бизнеспен өткен кездесулер барысында айтылған мәселелердің шешілуіне мониторинг жүргізу бар.

Қытай технологияларына мұқтажбыз

Қазақ фермерлерінің кәсіпкерлікті дөңгелете жүргізіп, сәтті пайдаға кенелуі үшін тың технологиялық шешімдердің де қажет екені түсінікті. Бұл мәселе агроөнеркәсіп кешені саласындағы қытайлық әріптестермен кездесу барысында айтылды. Мұндағы мәселелер де фермерлердің Үкіметпен болған кездесуіндегі айтылған әңгімелерден алшақ кеткен жоқ. Райымбек Баталов пен ACFIC жанындағы агроөнеркәсіп палатасы кәсіпкерлік делегациясымен кездесуде отандық бизнесте қытайлық технологияларды қолдану жайы сөз болды.

«Басты міндет – жобаларды жүзеге асыруда біздің бизнеске көмектесу. Эволюциялық тұрғыдан біз бизнестегі жобалар арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейіне шығып келеміз. Ұлттық палатада инфрақұрылым мен әр ауданда өкілдік бар, жобаларға қолдау көрсете аламыз. Қазір әр ауданда интерактивті карта қалыптастырылып жатыр, онда жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың реестрі болады», деді Баталов.

Содан кейін қазақстандық ауыл шаруашылық өндірушілеріне қытайлық әріптестердің техникалық шешімдері қызық болатынын айтты.

«Бізде агроөнеркәсіп кешенінің барлық бағыты бойынша үлкен әлеует бар. Өңдеушілеріміздің серіктес тауып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру және өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар құрғанын қалаймыз. Отандық және қытайлық бизнесмендер үшін «Атамекен» диалог алаңы болуға дайын», деді палата төрағасы.

Xiahe Anduo Investment Co., Ltd. Төрағасы Ли Шэнлуннің айтуынша, олар Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестікті нығайту түсуге мүдделі.

«Агроөнеркәсіп кешені саласында Қазақстанның үлкен потенциалы бар екенін көріп отырмыз және қытайлық компаниялар үшін қазақстандық бизнеспен жұмыс істеу қызықты болмақ. Бірлескен қызмет бойынша бізде жоспар бар. Қазақстанда ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорындар ұйымдастыра аламыз. Ал әрі қарай өнімді экспорттау мәселесіне көңіл бөлеміз», дейді ол.

Қаржылық емес қолдау да маңызды

Сонымен бірге, кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету де айырықша маңызды болып есептеледі. Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жаңабековтың айтуынша, биылдан бастап министрлік әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды көздейтін, сондай-ақ оқыту мен кәсіби біліктілікті арттыру бойынша қызметтер көрсететін «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдаудың жаңа құралын енгізді.

Бірқатар қаржылық емес қолдау шаралары «Атамекен» ҰКП-ға жүктелген. Жұмыспен қамту мен шағын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры – басқарушы директоры Айдана Тоғызбаеваның сөзінше, ұлттық палата 3 негізгі бағыт бойынша оператор.

Біріншісі – кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа арналған ақпараттық-консультациялық қызметтер.

Екіншісі – «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту.

Үшіншісі – кәсіпкерлік қызметке сервистік қолдау көрсету.

«ШОБ үшін тегін қызметтер аудандық деңгейде және моноқалаларда 199 Кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығында офлайн режимде ұсынылады. Қала тұрғындары үшін қызмет тиісті портал арқылы онлайн көрсетіледі. 2023 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 11400 ШОБ субъектісі мен жеке тұлғалар үшін 89 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарында қызметтердің 7 түрі ұсынылады. Бұл – кәсіби бизнеске оқытуды ұйымдастыру, менторлық, қаржыландыруды тартуға оқыту, әйелдер бизнесінің халықаралық деңгейге шығуына көмектесу және тағы басқа қызметтер», деді Айдана Тоғызбаева.