Тоқаев БРИКС пен ШЫҰ-ға күш біріктіруді ұсынды
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, күш біріктіруді ұсынды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 15-ші БРИКС саммиті аясында өтіп жатқан мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы бұл саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, ашық диалог пен өзара түсіністік негізінде жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге көмектесе алады деп пайымдайды.
«Бұл саммит халықаралық аренадағы жағдай шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Оның сипаттары саяси қысым жасаудан, конфронтациядан және жаппай санкция салудан көрінеді. Сондықтан мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде өңіраралық ынтымақтастықтың перспективасы мен ортақ мүдделері туралы көзқарасымызды жеткізгім келеді»,- деді Президент.
Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинақтағанын атап өткен Президент, мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынды:
«Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған»,- деді Тоқаев.
Президенттің пайымдауынша, «БРИКС және «БРИКС Плюс» құрамындағы серіктестер осы бастаманы жүзеге асыру ісінде бірлесе әрекет ете алады.
«Сонымен қатар ШЫҰ, БРИКС және БРИКС Плюс құрамындағы елдер өте маңызды саналатын цифрлық орта, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік салаларындағы әлеуеттерін біріктіріп, ақпарат алмасуды кеңейткені жөн. Келесі жылы Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының Цифрлық форумы өтеді. «БРИКС Плюс» аясындағы серіктестерімізді осы маңызды шараға қатысуға шақырамын», – деді ол.