Сақтандыру компаниялары Қара теңіздегі танкерлерге сыйақы мөлшерін көтерді: Қазақстанға әсер қандай?

Жарияланды
Фото: архив kursiv.media


Сақтандыру компаниялары Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне соғыс қаупі артқандықтан қосымша төлемдерді ұлғайтты. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Ақпарат құралы аталған аймақта қызметін жүзеге асыратын төрт трейдерден хабарлама алған.

Бастапқыда кеме корпусы құнының 1%-ын құрайтын соғыс тәуекелі бойынша сыйақы 1,2-1,25%-ға дейін өседі, деп жазады агенттік. Осылайша, Ресей мұнайын Үндістанға жеткізген кезде әрбір рейс 120-200 мың тонна жүк көтере алатын бір Suezmax танкеріне 200 мың долларға жуық қымбатқа түседі. Төлемдердің жалпы құнын Reuters 1 миллион долларға жуық деп бағалады.

Өзгерістер негізінен ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдайтын жүк кемелеріне қатысты. Ал Қазақстаннан шикізат тасымалдайтын танкерлерге төлем бұрынғы 1% деңгейінде қалды.

«Байділдинов. Мұнай» авторлық бағдарламаның жүргізушісі, энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдинов қалай болғанда да мұның Қазақстанға қатысы барын айтады.

«Сақтандыру және сақтандыру құны бұл мұнай тасымалдау бағасын арттыратын қатерлер. Тіпті, сол аймақта біздің танкерлерге еш қатысы жоқ жағдай орын алса да, сақтандыру бағасы өседі. Бұл қауіп-қатер артқан сайын сақтандыру қымбайттай түседі деген нарық заңдылығы», – деп түсіндірді сарапшы.


Сонымен қатар ол мұның жағымды түсын атады.

«Қара теңізде біздің таңкерлермен қандай да бір оқыс оқиға болса, мұнай тасымалдаушы компания шығынға ұшырамайды. Мұның ақысын сол сақтандыру компаниясы өтейді. Алайда бұл болашақта Қазақстанның табысына әсер етеді. Себебі сақтандыру құнының артуы компаниялар табысының, бюджетке түсетін қаржының азаюына ықпал етеді. Сондықтан, әлбетте бізге мұнай тасымалы саласында тұрақтылық болғаны жақсы», – деді танымал сарапшы.

Төлем мөлшерінің аз ғана ұлғаюына қарамастан, өзгерістер Ресейдің мұнай экспорты шығындарының артуына әкеледі. Агенттіктің мәліметінше, санкция салынғаннан кейін ресейлік компаниялар бір танкерге орта есеппен 20 миллион долларға дейін төлеген, бұл әрбір жүк құнының үштен бірінен астамын құраған.

Новороссийск теңіз портынан (Қара теңіздегі ең ірі порттардың бірі) және Каспий құбыр консорциумының терминалынан жеткізілетін шикі мұнайдың жалпы көлемі әлемдік жеткізілім көлемінің шамамен 2%-ын құрайды.

Ресейдің Қара теңіз порттарынан мұнай өнімдерін экспорттау жылына шамамен 4 млн тонна шамасында.

Еске сала кетсек, 19 шілдеде астық мәмілесі тоқтатылғаннан кейін Ресей Қорғаныс министрлігі 20 шілдеден бастап Қара теңіз арқылы Украина порттарына баратын барлық кемелер әскери нысана ретінде танылуы мүмкін екенін хабарлады.
Украин тарапы да осындай ақпарат таратты. Сонымен қатар астық тасымалдау үшін уақытша теңіз жолын құру туралы шешім қабылдады.
Тамыз айында ресейлік мұнайдың оффшорлық экспорты 2023 жылғы минимумға дейін төмендеп, тәулігіне 2,94 миллион баррельді құрады. Ресей өткен жылдың желтоқсан айында теңіз арқылы шикізатты тәулігіне 2,91 миллион баррель аз жеткізілді, бұл кезде ЕО мен G7 Украинадағы соғыстың басталуы үшін санкция ретінде мұнай бағасының шекті деңгейін белгіледі.

Сондай-ақ оқыңыз