Алматыда «Жас Қанат» ш/а. 400 отбасыға пәтер беріледі
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен кезекте тұрғандарды коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілетін пәтерлерге орналастыру басталды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Үй кезең-кезеңімен беріледі. Бірінші кезең 25 тамызда басталды, 109 отбасы жаңа пәтердің кілтін алды. Ендігі пәтерлердің кілті келесі аптаның соңында, содан кейін қыркүйекте беріледі.
«Жас Қанат» шағын ауданында көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына барлығы 401 жалдамалы пәтер беру жоспарланған.
«Осы ауданда аумақты абаттандыру жалғасып келеді. Алматы әкімдігі тұрғын үй кешенінде дамыған инфрақұрылымды құруға ден қояды. Мұнда спорт және балалар алаңдары жабдықталған, мектеп бар, жаңа балабақша салынып жатыр, тұрғындардың демалысы мен бос уақытын пайдалы өткізуге арналған орындар бой көтереді», – деді Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлы.
Алматыда тұрғын үйге кезекте 41 мыңнан астам азамат тұр. Шағын ауданда үйлердің құрылысы 2021 жылы бұрын қолданыста болған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталды.