«Кселл» Халық банкінен қомақты сома несие алмақ

Жарияланды

«Кселл» компаниясы Халық банкімен қомақты сомаға мәміле жасады. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған құжатта жазылған.

KASE-де жарияланған ақпаратқа сүйенсек, несие сомасы «Кселл» активтерінің жалпы құнының 26,9%-ын құрайды.

Ал компанияның жалпы активтері: 2023 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 326,4 млрд теңгеге тең.

Осылайша, «Кселл» Халық банкінен қомақты несие алмақ. Бұл ретте компаниялар мәміле сомасын жария етпеді.

Сарапшылардың есебі бойынша, қарыз қаражаты шамамен 85 млрд теңгені құрауы мүмкін.

Мәміленің басқа шарттары туралы компания хабарламайды. Сондықтан несиенің қанша пайызбен, қанша уақытқа, қандай міндеттерге тартылғаны белгісіз.

Осыған байланысты Kursiv.kz тілшісі «Кселл» компаниясының баспасөз қызметіне сауал жолдады.

«Кселл» АҚ «Курсив» редакциясының тартылған сыртқы қаржыландыруға қатысты сауалына жауап ретінде компания өзінің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру және айналым қаражатын толықтыру үшін қаржыландыру туралы шешімді шынымен қабылдағанын хабарлайды.

«Жариялануға жататын және компанияның коммерциялық құпия туралы талаптарына қайшы келмейтін ақпарат Қазақстан қор биржасында жарияланды. Мәміле шарттары конфедициалды ақпарат болып табылады», – деп жауап берді мобильді оператор.


Байланыс операторы несиені қандай мақсатта алуы мүмкін? Бұған дейін «Қазақтелеком» 2023 жылдың соңына дейін өзінің байланыс операторларының бірін (Kcell, Active, Tele-2) сатуды жоспарлап отыр, деп хабарланған. Осы жолғы мәміле соның бастамасы емес пе? Бұл туралы экономист Бауыржан Шурмановтан сұрадық.

«Компания несиені не үшін алуы мүмкін? Ең ықтимал мақсаттарының бірі базалық станцияларды салу және 5G-ді дамыту болып табылады. Компания сонымен қатар сатылуы алдында қарыз алу арқылы өзінің акционерлік құнын арттыруы да мүмкін. «Қазақтелеком» ұялы байланыс операторларының бірін сатуға мәжбүр және ол «Кселл» болуы ықтимал. Егер сауда Almex/Halyk тобына қатысты боласа, бұл компанияны сатудың алғашқы қадамы», – деп есептейді сарапшы.

«Кселл» АҚ – интернетке қосылу сияқты қосымша қызметтерді (VAS) ұсынатын ұялы байланыс операторы. Компания нарықта екі брендпен ұсынылған: мақсатты аудиториясы корпоративтік клиенттер (соның ішінде мемлекеттік органдар) болып табылатын «Кселл» және бұқаралық нарық абоненттеріне бағытталған «Актив». Компания Қазақстан Республикасының барлық дерлік аумағын қамтитын ұялы байланыс желісі арқылы қызмет көрсетеді.

2012 жылдың желтоқсан айында компания Лондон қор биржасында ЖДҚ (Жаһандық депозитарлық қолхаттар) және Қазақстан қор биржасында жай акцияларды орналастырды. Баға бір ЖДҚ үшін 10,50 АҚШ доллары және бір акцияға бір ЖДҚ сәйкес 1 578,68 теңге болып белгіленді. Ұсыныс «Кселл» жарғылық капиталының 25% үлесіне сәйкес келетін 50 миллион акцияны сатуды қамтыды.

2018 жылдың 21 желтоқсанында «Қазақтелеком» АҚ Telia Company және Fintur Holdings B.V. компанияларына тиесілі «Кселл» АҚ-ның 75% үлесін сатып алды.

Алдағы уақытта компания желілік қамтуды кеңейту және жоғары сапалы байланыс қызметтерін ұсыну үшін өзінің 3G/4G желісіне инвестициялауды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз