Қазақстан мен Тәжікстан президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
«Сізбен елордамызда жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіздің сапарыңыз біздің бауырлас елдеріміз арасындағы шынайы достық қарым-қатынасты одан әрі нығайту тұрғысынан зор маңызға ие. Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік, одақтастық қарым-қатынас туралы айтуға толық негіз бар. Астанадағы тәжік мәдениеті күндерінің ашылуына Сіздің арнайы келуіңіздің өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздің сапарыңызды жоғары бағалаймын»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, шақыртуыңызға, ілтипатыңызға, қонақжайлық көрсеткеніңізге көп рақмет! Ең алдымен, бүгін Сізбен екі ел арасындағы қарым-қатынастың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағым келеді»,-деді Эмомали Рахмон
Айта кетейік, ҚР Президенті Сыртқы істер министрлігінде ауыс-түйіс жасады деп хабарладық.