Қазақстандағы синофобия: Қытай жобалары мен Қытайдың өзінен қауіптенуге қандай негіз бар?

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Қытай – Қазақстанның жақын көршісі және сауда-экономикалық тұрғыда маңызды серіктесі. Қазақстанға инвестиция жасайтын елдердің ТОП-5 қатарына кіреді. Осы орайда Қытай тарапынан туындауы ықтимал делінетін экспансионизм мен оған тәуелдіктің артуына қатысты үрей де баршылық. Қытайлық компаниялардың Қазақстанға көптеп келуі ел арасында синофобияны өршітті. Көпшілік олардың заттарын тұтына, солармен терең байланысты дамыта отыра Қытайдан және қытайлық жобалардан қауіптенеді. Жақында осы мәселе PaperLab зерттеу орталығының «Қазақстандағы қытайлық инвест жобалар: прагматика және қауіптену» тақырыбымен өткізілген кезекті отырысында сөз болды.

Қытайтанушы, «Синопсис» Қытай және Орталық Азияны зерттеу орталығының маманы Руслан Изимовтің айтуынша, әлемде нөмірі екінші экономикалық қуатқа ие елмен ортақ шекараның болуының өзі экономикалық салада үлкен перспективаларды ашады.

«Тұңғыш президент Назарбаев кезінде Қытаймен арада шешімін таппаған мәселе қалмады деген нарратив тарады. Бірақ айта кететін жәйт, Қытаймен қарым-қатынас шын мәнінде анық және жасырын тәуекелдерден тұрады. Олар біздің қоғамдағы синофобияның негізі. Әсіресе, Қытайдың қазақстандықтар алдындағы имиджіне түрлі факторлар әсер етуде. Соның бірі – Қытайдың бұрыннан келе жатқан қауіп ретіндегі тарихи бейнесі. Кейде Қытай билігінің, кейде Қазақстан басшылығының әрекеттері Қытайға қарсы түрлі митингілер мен қарсы көзқарас тудыра бастады. Бұл факторлардың ішінде Қазақстан экономикасының шикізат секторындағы Қытай үлесінің жылдам өсуін айтып өтуге болады. 1997 жылдан бастап Қытай Қазақстанның энергетикалық ресурстарына қол жеткізді. Бірінші болып CNPC компаниясы осы салаға кірді. Кейін «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры салынды. Бұл қадамдар Қазақстан Қытайдың шикізат қосымшасына айналуы мүмкін деген үрей туғыза бастады. Бүгінде сол қорқыныштардың бір бөлігінің ақталғанын мойындаған жөн деп ойлаймын. Екінші қауіп – демографиялық қауіп. 20 млн халқы бар Қазақстан үшін 1 млрд-тан астам халқы бар Қытайдың қоңсы отыруының өзі қауіп тудырады. Ал біздің билік және Орталық Азия елдерінің билігі Қытай азаматтарына визасыз кіруге болатын ережеге қол қоятын болса онда қытайлықтар автоматты түрде демографиялық ағымның көзі ретінде қаралады», дейді сарапшы.

Ол сонымен қатар Қытай БАҚ-тарының Қазақстан және ОА-ның басқа да республикаларының аймақтарын даулайтын материалдарды жүйелі түрде жариялап отыруы да қоғамдағы қауіптің еселенуіне себеп дейді.

«Бірнеше жыл бұрын осындай жағдайлардың бірі Қазақстаннан Қытайға наразылық нотасын тапсыруға себеп болған. Елімізде Қытайға қарсы одан да күшті реакцияны тудырған тағы бір мәселе – көрші автономиялық облыстағы жағдай. 2016-2020 жылы Қытай билігі байырғы халықтар үшін қайта тәрбиелеу лагерлерін құрды және автомномиялық облыстағы қазақ этносы да осы науқанның құрбаны болды. Автономиялық облыста 1 жарым миллион қазақ бар. Қазақ этносы өкілдерінің, жалпы мұсылмандардың қуғын-сүргінге ұшырауы біздің қоғамның ауыр реакциясын тудырмауы мүмкін емес еді», дейді Руслан Изимов.

Бұл ретте ол Қазақстанда синофобияны арттыратын факторлардың арасында ұзақ мерзімді және жүйелі қауіптердің бар екенін айтып, соларға тоқталды.

«Трансшекаралық өзендер мәселесі бүгінде шығыс және орталық Қазақстандағы экологиялық апаттың қайталану қаупін төндіреді. Қазақстанның 20-дан астам өзені Қытайдан бастау алады, олардың ішінде Ертіс, Іле, Талас және басқалары бар. Екінші фактор – Қытайдың экономикалық мәжбүрлеу технологиясын қолдануы. Біз оны пандемия кезінде, Қытаймен шекарада көптеген шақырымға созылған кезектерден байқадық. Қытай билігі мұны пандемияға қарсы мүлдем төзбеушілік саясатын жүргізіп жатқанымен түсіндірді. Бірақ соған қарамастан басқа саладағы мақсаттарына жетуі үшін экономикалық шантажды пайдаланғаны да анық. ОА-дағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қытай рөлінің кеңеюі де ұзақ мерзімді факторға жатады. Әзірге біз бұл құбылысты Тәжікстанда анық байқап отырмыз. Мұнда Қытай ресми түрде Ауғанстаннан келетін қауіптердің алдын алуды мақсат еткен екі әскери база салды. Сонымен қатар Қытай жеке күзет компаниялары сияқты қауіпсіздік құрамдас бөлігін күшейтуде. Мұндай компаниялар қазірдің өзінде Қырғызстанда жұмыс істейді. Қытай инвестициясы мен азаматтарының қауіпсіздігін өз күшімен қамтамасыз етуді қалайды. Ол үшін өзінің жеке күзет компанияларын белсенді түрде алға жылжытып жүр. Бізде ондай компаниялар жоқ. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін Қытай жеке қауіпсіздік компаниялары форматын одан да қатты қолдай бастайды және егер ондай компаниялар Қазақстанда пайда болса, бұл ел тұрғындарының өте өткір реакциясын тудыратыны сөзсіз», дейді қытайтанушы.

Айтуынша, фобия мен сенімсіздіктің өсуіне тұрақты түрде әсер ететін тағы бір фактор – ақпараттың құпиялылығы. Бұл біздің биліктің де, қытайлық инвесторлардың да өздерінің нашар ақпараттық саясаты болып саналады және мұндай әртүрлі қауесеттер алыс қорқыныштардың пайда болуына және дамуына әкеледі деген ойын жеткізді.
Жыл сайын әлеуметтік зерттеулер жүргізетін Central Asia Barometr мәліметі бойынша, Қазақстан мен Қырғызстан синофобияға бейім елдер болып қала бермек. Ал өңірдегі басқа елдер Қытайға деген көзқарастың жақсарғанын байқап отыр екен.

Жақында PaperLab зерттеу орталығы «Қытайдың Қазақстандағы қатысуы қалай қабылданады: басқарушылық, әлеуметтік, және экологиялық өлшемдерді талдау» атты зерттеуді аяқтады. Оның негізгі мақсаты — жергілікті қауымдастықтардың Қытай жөніндегі пікірі ҚХР-ның компаниялары және инвестицияларымен тікелей қарым-қатынасқа түскен кезде қалай өзгере алатынын анықтау. Зерттеу орталығының зерттеушісі Виктория Немнің айтуынша, зерттеуді ұйымдастырудағы мақсат – қытайлық инвестициялық жобалардың ел арасында қалай қабылданатынын білу болған.

«Зерттеу үшін шағын елдімекендерді таңдап алдық. Біз сауалнама жүргізген үш елдімекенде де жер мәселесі өте өткір тұрды. Тұрғындар жергілікті шенеуніктер жерді әділетсіз және жемқорлыққа сүйеніп бөліп отыр деп есептейді. Екінші көтерілген мәселе – базалық коммуналдық қызметтер жайы», дейді Виктория Нем.

PaperLab зерттеу орталығының зерттеушісі Әлия Тілегенова осыдан бірнеше жыл бұрын қоғамда үлкен резонанс туғызған қытайлық 52 инвестжобаның экологиялық аспектілеріне тоқталды.

«БАҚ-та жарияланған бірнеше мақаладан кейін халықта бұл қытайлық лас жобалар Қазақстанға көшіріледі деген түсінік қалыптасты. Жобалар төңірегінде ресми билік тарапынан ешқандай ақпараттық кампанияның болмауы да халықтың алаңдаушылығын басуға көмектесе алған жоқ. Шын мәнінде қазіргі уақытта Қытай билігі тарапынан шетелде жұмыс істейтін жеке компаниялардың экологиялық талаптарды сақтауына қатысты норма жоқ. Бұл Қытайдың «жасыл» саясатына деген сенімсіздіктің ақталғанын көрсетеді. Тұрғындар арасында да, эксперттер арасында да сенімсіздік туындап жатыр. Елдімекен тұрғындары өздері тұрып жатқан жердегі экологиялық ахуалдың сын көтермейтінін және оған сол жерде жұмыс істеп жатқан қытайлық кәсіпорындардың әсері тиіп отырғанын айтады. Дегенмен мұның көбі синофобиядан туындаған және оның әркез дәлелді негіздемесі бола бермейді. Мәселен, вольфрам өндіру бойынша белгілі бір қорқыныштар болды. Жалпы, тұрғындардың жергілікті атқарушы органдарға деген сенімі де өте төмен. Бұл олардың шешім қабылдау процесіне қатыстырылмай, тыс қалуынан да туындап жатқан сияқты», дейді сарапшы өз пікірін бөлісіп.

Сарапшы Кәмилә Смағұлова «негізінде, ақпараттың ашықтығы туралы және соған қатысты экологиялық аспектілерге байланысты барлық тезистер тек қана Қытай инвестжобаларының Қазақстандағы қатысуымен емес, қоғамдағы көптеген мәселелермен селбесіп жатыр» деген көзқарасын білдірді.

«Біз Солтүстік Қазақстан облысындағы Ильичёвка елдімекеніне бардық. Онда 579 адам тұрады. Ол жерде май өңдеу зауыты бар. Фокус-топты жинап, «мына май өңдеу зауытында қанша Қытай азаматы жұмыс істейді?» деп сұрадық. «100-ге жуық» деп жауап берді. Біз компанияға, зауытқа келдік. Бізді кіргізді. Олардың саны 60 екен. Бұл адамдардың ақымақ екенін немесе сауатсыз екенін білдірмейді. Бұл жергілікті атқарушы биліктің кінәсі. Басқарушылық деңгейде көптеген проблемаларды шешу керек», дейді Зерттеу орталығының зерттеушісі Анастасия Решетняк.

«Синопсис» Қытай және Орталық Азияны зерттеу орталығының маманы Руслан Изимов Қытайға қатысты өзекті проблемалар – трансшекаралық өзендер, экологиялық қауіпсіздік, демографиялық қатер, визасыз режим туралы айтуымыз керек. Себебі, осындай проблемаларды айта келе, талқылай келе біз оны шешудің қандай да бір жолын, рецептін табуға тырысамыз дейді.

«Синофобияның ішінде миф те, ақталмаған қорқыныштар да, негізсіз фобия да бар. Солардан арылып, нақты нәрселерге мойын бұру қажет. Бізде суды бөлу мәселесі бар ма? Бар. Соны шешу керек. Трансшекаралық өзендер бойынша үкімет аралық комиссия жиырма жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатыр. Әлі күнге ортақ келісімге қол қойылған жоқ. Ал судың азаюы жыл санап білінуде. Батыс пен орталықта экологиялық апат қайталануы ықтимал. Тура Аралдағыдай. Егер келісімге қол қоя алмасақ, онда тығырықтан шығудың басқа жолын іздеу керек. Мысалы, мамандар гидротехникалық нысандар құрылысына, тамшылатып суғаруға қатысты қытайлық технологияларды тарту секілді», деді.

Сарапшы Қытайдың жұмсақ күші тақырыбымен де айналысқан. Оның айтуынша, инвестиция, сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетумен қатар Қытайдың жария дипломатиясының да ауқымы кеңейіп келеді.

«Қазақстанда және Орталық Азияда да. Бірақ ол қаншалықты тиімді? Өздерін достық қалыпта, жылы шырайды көрсету үшін Қытай түрлі құралдарды қолданады. Бұл масс-медиа сияқты құралдардың көмегімен жасалады. Қазақстанда бірнеше қытайлық БАҚ жұмыс істейді. Тағы бір құрал бар, ол – Конфуций институты. Жақында «Лу бань шеберханалары» деп аталатын тағы бір бағыт ашылды. Олар кәсіби кадрларды даярлаумен айналысады. Бізде кәсіпорын ашылған кезде, онда кадр жетіспеушілігі болады. Ал Лу бань шеберханалары сондай білікті кадрларды осы жерде (біздің территорияда) дайындайды. Бірақ неге екені белгісіз, Қытайдың осы жария дипломатиясы жұмыс істемейді. Алайда жалпы алғанда, бізде Қытайға қарсы көңіл-күйдің өте жоғары деңгейі тіркелуде. Мұны халықаралық орталықтардың зерттеулері растайды. Жұмсақ күш неліктен тиімсіз болып отыр, ол енді бөлек пікірталастың тақырыбы», дейді сарапшы.

Сондай-ақ оқыңыз